News & Events
2026 жылғы 1 шілдеде Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Брайль қарпімен басылған Қазақстан Республикасы Конституциясының салтанатты таныстырылымы өтті.
- 02.07.2026
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
2026 жылғы 1 шілдеде Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Брайль қарпімен басылған Қазақстан Республикасы Конституциясының салтанатты таныстырылымы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана ұйымдастырды. Конституцияның Брайль қарпіндегі нұсқасын әзірлеу, редакциялау, басып шығару және жарыққа шығару жұмыстарын кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімі жүзеге асырды.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілі Сейтжан Кенжеғұл Социалұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Газиза Нұрғалиева, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кітап палатасының басшысы Асхат Байұзақов, сондай-ақ Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінің меңгерушісі Болатхан Сыздықов қатысты.









Іс-шара барысында құрметті қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, Брайль қарпімен басылған Қазақстан Республикасы Конституциясы басылымының лентасын қию рәсіміне қатысты. Бұл – зағип және нашар көретін азаматтардың құқықтық ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әрі тарихи қадам болды.
Кездесу аясында Қазақ соқырлар қоғамының төрайымы Алтынай Ибрагимова, «Жылы ұя» республикалық мүгедектерді оңалту орталығының баспа директоры Гүлбаршын Балғожина, кітапхана ардагері, шахматтан спорт шебері Мақсұт Жұмабеков, Қазақ соқырлар қоғамының жастар қанатының мүшесі Жазира Мүлкібекова, Әлем халықтары жазушылары одағының төрағасы Гүлхан Айтақынқызы және тарих ғылымдарының докторы, профессор Клара Хафизова сөз сөйлеп, Брайль қарпімен жарық көрген Конституцияның маңызы мен оның қоғамдағы инклюзивтілікті дамытудағы рөліне тоқталды.
Шараға қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, кітапханашылар, оқырмандар және Ұлттық ұланның сарбаздары қатысты.
Брайль қарпімен жарық көрген Қазақстан Республикасы Конституциясы – ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және инклюзивті қоғам құруға бағытталған маңызды басылым.