News & Events
Домбыраның күмбірі – бар қазақтың бірлігі
- 02.07.2026
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
2026 жылы 2 шілдеде Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыраның күмбірі – бар қазақтың бірлігі» атты музыкалық-танымдық кеш өтті.
Кештің мақсаты: Өскелең ұрпақтың ата бабадан кәсіп болған дәстүрлі домбыраға қызығушылық сезімін оятып, тарихтың куәгеріне айналған қасиетті қара домбыраны қастерлеуге тәрбиелеу.
Ұлттық домбыра күніне арналған шарада Алатау дәстүрлі өнер театрының мүгедектерге мәдени қызмет көрсету бөлімінің «Атамұра» ансамблі қатысып өнер көрсетті.






Домбыра – қазақтың жаны, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық кодымыз. Қос ішектің үнімен ұлттық рухты жаңғыртып, күй өнерін ұлықтап жүрген жас күйшіні дәріптеу – әрбір қазақтың парызы. «Зағип және көзі нашар көретін жандардың ерекше дарыны болады»-дейді, сондай дарын иесінің бірі, қазағымыздың қара домбырасында сыңғырлайтын қасиетті күй өнерін құрметтей білген «Атамұра» ансамблінің көркемдік жетекшісі Қожахметов Мирастың өнері дәріптеліп, оқырмандарға насихатталып, кездесу өткізілді. Өмірі және шығармашылығы туралы дайындалған бейне баян көрсетілді. Көрермендерден сұрақтар қойылды.
Кеште «Атамұра» ансамблі Бақтыбайдың күйі «Әуен», Аман Малдыбаевтың күйі «Көне Тараз», Сүгірдің күйі «Ыңғайтөк», Сейдолла Бәйтерековтың шығармасы «Кішкентай» күйлерін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Армандастар» вокалды аспаптар ансамблінің жетекшісі Полищук Батима «Ана туралы жыр», «Әнім сен едің», «Таң сыры» әндерін, Умерсейтов Әбдіқадір мен Владимир Умеров қос дауыста «Еділ мен Жайық» әнін орындады. Кештің басты ерекшіліктерінің бірі халықтың «Жастар биі» және «Келіншек» күйлерін квинтет орындап, келген қонақтарға ерекше әсер қалдырды.
Кеш қонақтары Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған мерекенің тартымды өткеніне дән риза болып тарасты.
Шараға 53 оқырман қатысты.
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері