News & Events
Қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтың«Аз и Я» кітабының тұсаукесері
- 20.05.2026
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтың«Аз и Я» кітабының тұсаукесері
2026 жылғы 20 мамыр күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада қоғам қайраткері, қазақ ақыны, жазушы, лингвист-ғалым, Қазақ КСР Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Халықаралық антиядролық «Невада-Семипалатинск» қозғалысының негізін салушысы Олжас Сүлейменовтың 90 жас мерейтойына арналған «Аз и Я» кітабының нүктелі-бедерлі қаріпте жарық көрген нұсқасының тұсаукесері өтті.
Іс-шараның мақсаты: көрнекті қаламгер Олжас Сүлейменовтың өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау, оның қазақ әдебиеті мен руханиятындағы ерекше орнын таныту, зағип және нашар көретін оқырмандарға арналған қолжетімді әдебиеттер қорын толықтыру және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру.
Кеш барысында қаламгердің өмірі мен еңбек жолына арналған бейнеролик көрсетілді.
Директордың кеңесшісі Кибашева Лаззат Серікқызы Олжас Сүлейменовтың арнайы құттықтау сөзін оқып берді.
«Аз и Я» кітабының тұсаукесер рәсіміне тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі тарихшы-шығыстанушы ғалым Хафизова Клара Шайсұлтанқызы, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың директорының міндетін уақытша атқарушы Жамал Қиянқызы, кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінің басшысы Болатхан Сыздыков, «Новое поколение» газетінің тілшісі Олга Зорина қатысты.
«Аз и Я» – тек кітап қана емес, ұлттық рухтың, тарихи зерденің, түркі дүниесінің терең тамырын танытқан тағылымды еңбек. Бұл шығарма сананы сілкіндіріп, әдебиет пен тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастырған құнды мұра.
Іс-шара барысында Алатау дәстүрлі театрына қарасты «Атамұра» ансамблінің жетекшісі Мирас Қожахметов Ахмет Жұбановтың «Би» атты күйін орындап, .кітапхана қызметкері Аружан Краман ақынның «Айналайын» өлеңін оқып, көрермен көңілінен шықты.
Жазушы Олжас Сүлейменовтың шығармаларынан топтастырылған көрмені «Кітап қорын сақтау және абонемент бөлімінің» қызметкері Мукашева Динара таныстырды.
Іс-шараға Принтмедиа технологиялар колледжінің студенттері мен № 4 арнайы мектеп-интернатының оқушылары қатысты. Барлығы 51 адам.
Болатхан Сыздыков, «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінің басшысы












