News & Events
Ақын, драматург, композитор, «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Парасат орденінің иегері Исраил Сапарбайдың шығармашылығына арналған «Жыр айдынының алып кемесі» атты еске алу кеші өткізілді
- 13.05.2026
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Жыр айдынының алып кемесі
2026 жылғы 13 мамыр күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада ақын, драматург, композитор, «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Парасат орденінің иегері Исраил Сапарбайдың шығармашылығына арналған «Жыр айдынының алып кемесі» атты еске алу кеші өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: көрнекті ақын Исраил Сапарбайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, оның қазақ әдебиеті мен поэзиясындағы айрықша орнын насихаттау.
Кеш барысында қаламгердің өмірі мен еңбек жолына арналған бейнебаян көрсетілді.
Кітапхана қызметкері Мұқанова Торғын Исраил ағамыздың «Айтылмай қалса, сөз — қайғы», «Жер – мекенім болғанда, көк — тұрағым» атты жүрекке жылы тиетін лирикалық өлеңдерін оқыса, Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған, композитор Рамазан Тайманның «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнін кітапхана оқырманы Жұматаева Әсем, 80-жылдардың соңында 90-жылдардың басында аға-әпкелеріміз жатқа айтатын әдемі әндерінің бірі «Махаббат мәңгі ертегіні» кітапхана қызметкері Баймуратова Нурия, «Қоштасудың қиыны-ай» әнін кітапхананың тұрақты оқырмандары Көздібаев Ғалым мен Тайжанова Мәдина қос дауыста орындады. «Сағындым сені» әнін «Өнер бұлағы» қоғамдық қорының басшысы, «Армандастар» вокалды аспаптар ансамблінің жетекшісі Сағынғалиқызы Батима орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Іс-шара аясында «Кітап қорын сақтау және абонемент бөлімінің» қызметкері Арынбекова Назымкүл оқырман қауымды ақын шығармаларынан құралған кітап көрмесімен таныстырды. Кеш соңында қатысушылар әсерлерімен бөлісіп, рухани мазмұны терең шара үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Іс-шараға Принтмедиа технологиялар колледжінің студенттері көрермен ретінде қатысты, барлығы 47 адам.
Гүлназ Даржанова, өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің басшысы










