News & Events
Қазақ композиторы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» және «Рүммет» ордендерінің кавалері Кенеса Дүйсекеевтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Есте қалар есті әндер» атты ретро әндер кеші
- 11.02.2026
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Есте қалар есті әндер
Ағымдағы жылдың 11 ақпан күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат, Құрмет ордендерінің иегері, 200-ден астам әннің, шетелдік мықтыларды тамсандырған салмақты симфониялардың авторы, халқына қадірлі тұлға, маэстро Кеңес Дүйсекеевтің туғанына 80 жыл толуына орай «Есте қалар есті әндер» атты ретро ән кеші өтті.
Іс-шараның мақсаты: қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, шығармашылық тұлғаға деген құрмет пен тағзымды көрсету.
Кеште Кеңес Дүйсекеевтің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетілді. Іс-шараға кітапхана оқырмандары, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері және Петр Ильич Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері қатысып, композитордың есте қалар есті әндерін еске алды. Кешке қатысқан өнерпаздар көрермендерге жүрекке жетер әндер мен сағынышқа толы сәттер сыйлады.
Кеңес Дүйсекеев «Сәлем саған, туған ел», «Ғашықтар жыры», «Домбыра туралы баллада», «Ойлайсың ба?, «Еркеледің сен», «Қарағым-ай», «Асыл ана», «Өкінбе сен», «Анаға хат» сынды халықтың жүрегінен орын алған әсем әндердің авторы.
Ретро ән кешінде Қазақ қыздар педагогикалық университеті студенттері Асқар Аружан «Қарағым-ай», Петр Ильич Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері Нағмат Толғанат «Жан әке», Мұқатқызы Айнара «Домбыра туралы баллада», Амангелді Әлихан «Ғашық», кітапхана оқырмандары Нұрлыбаев Мағжан «Асыл ана», Тайжанова Мадина «Анаға хат», кітапхана қызметкері Баймуратова Нурия «Еркеледің сен» әндерін орындады. Сұлу саздар мен әсем әндерден ерекше әсер алған оқырмандар жылы лебіздерін білдірді. Кеңес Дүйсекеевтің шығарған әндері күні бүгінге дейін тыңдарманның құлақ құрышын қандырып келеді. Жүректің қылын шертетін тамаша әндер қанша уақыт өтсе де еш көнермейді. Композитордың әуезді, сұлу әндері тыңдарман жүрегінен қашан да орын алары сөзсіз.
Іс-шараға Еуразия технологиялық колледжінің студенттері және кітапхана оқырмандары қатысты, барлығы 71 адам.
Назым Момбекова, өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері






