News & Events
Бақыт құшағында
Ағымдағы жылдың 17 қыркүйек күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада «Бақыт құшағында» атты композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай музыкалық кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты: Әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алып, ән әлеміне жарық жұлдыздай сәуле шашқан вальс королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне шолу жасау, шығармашылық жолымен таныстыру.
Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр. Ал бұл оның қазақ жұртының музыкалық дәстүрі сүтін еміп өскендігіне дәлел.
Музыкалық кеш шымылдығы Шәмші атамыз туралы арнайы бейнебаяннан бастау алды.
Іс-шараға кітапхананың белсенді оқырмандары мен қызметкерлері, Қазақ зағиптар қоғамы мүшелерінен құралған «Қаламқас» вокалды тобы, Армандастар ансамблі, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар орталығы «Еркеле» қоғамдық қоры қатысып, ән жанрының әйгілі майталманы Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», «Әнім сен едің», «Ақмаңдайлым», «Қайықта», «Жұбайлар жыры», «Бәрінен де сен сұлу», «Қайдасың», «Шынарым» атты туындыларын орындады. Кеш соңында оқырмандар «Шәмші әндерінен попурриді» бірге шырқады. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры осы болса керек.
Іс-шараға барлығы 41 оқырман қатысты.
Гүлназ Даржанова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің басшысы