News & Events
Домбыра – халық даналығы
- 30.06.2025
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар

Ағымдағы жылдың маусым айының 27 жұлдызында Н. Островский атындағы Қазақ соқырлар қоғамының мәдениет үйінде шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – халық даналығы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана, Қазақ зағиптар қоғамының «Жылы ұя» оңалту орталығы, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласы филиалы, Алатау дәстүрлі өнер театрының мүгедектерге мәдени қызмет көрсету бөлімі.
Кештің мақсаты: Өскелең ұрпақтың ата-бабадан кәсіп болған дәстүрлі домбыраға қызығушылық сезімін оятып, тарихтың куәгеріне айналған қасиетті қара домбыраны қастерлеуге тәрбиелеу.
Ұлттық домбыра күніне арналған шарада Алатау дәстүрлі өнер театрының мүгедектерге мәдени қызмет көрсету бөлімінің «Атамұра» ансамблі Бақтыбайдың күйі «Әуен», Аман Малдыбаевтың күйі «Көне Тараз», Сүгірдің күйі «Ыңғайтөк», Сейдолла Байтерековтың шығармасы «Кішкентай» күйлерін орындады. Көркемдік жетекшісі Қожахметов Мирас.
«Жылы ұя» оңалту орталығының «Наркескен» домбырашылар ансамблі. Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» күйлері және Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқым» күйі, Қазанғаптың «Түрікмен» күйі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Ұлттық домбыра мерекесінде Нысан Данияр Нұрғиса Тілендиевтың «Жекпе-жек», Құрманғазының «Ақсақ киік», Соло күйімен қара домбыраны сусындатты. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ахметов Қажымұқан Сүттібайұлы.
Кітапхана қызметкері Н. Момбекова Мұқағали Мақатаевтың «Дариға, домбырамды берші маған!» әнін орындаса, «Арман» әнін «Атамұра» ансамблінің әншісі Өмірсейітов Әбдіқадыр, кітапхана оқырманы Глущенко Марфа «Домбыра» өлеңін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Ұлттық өнерді жалғастырып, қасиетті домбыраны серік еткен өнерпаздарға алғысымыз шексіз.
Шараға 39 оқырман қатысты.
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері