News & Events
Саусақ ұшындағы өнер
Ағымдағы жылдың 16 мамыр күні «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ ұжымы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі ұжымының шақыртуымен Халықаралық музейлер күніне орай зағип және нашар көретін келушілерге арналған жаңа инклюзивті жоба «Саусақ ұшындағы өнер» атты тактильді картиналар көрмесін тамашалап қайтты.
Көрменің негізгі мақсаты – зағип және нашар көретін келушілерді қолдау, музейдің басқа келушілерімен қатар қоғамдық және мәдени өмірге араласуына мүмкіндіктер жасау.
Көрмеде Әбілхан Қастеев («Абай», «Жамбыл» портреттері), Николай Хлудов («Түйе сауу», «Даладағы шопан»), Диана Мұхаммед («Бауырсақтармен натюрморт») сынды танымал қазақ суретшілерінің туындылары негізінде жасалған бес тактильді картина және «Жеті қазына» тактильді мүсіндер көрмесі қойылды.
Түпнұсқа картиналар Орталық музей қорында сақтаулы екен. Тактильді суреттерді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Көркем сурет» кафедрасының оқытушылары мен студенттері жасаған.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана мамандары музейдің этнография залына арнап нүктелі-бедерлі қаріппен «Билік атрибуттары», «Ат жабдығы», «Әшекей бұйымдар», «Әскери құрал-жабдықтар», «Киіз үй» тақырыптары бойынша бес брошюра даярлады.
Аталған іс-шараға атсалысқан, белсенді үлес қосқан кітапхана қызметкерлері: Даржанова Г., Баймуратова Н., Сыздыков Б., Абдрахманова З., Серікжанқызы А. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей басшылығы атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Іс-шараға барлығы 35 адам қатысты.
Гүлназ Даржанова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің басшысы