News & Events
Жыл сайынғы дәстүрлі шара «Ашық есік» күндері
- 31.10.2024
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
«Ашық есік күндері» есебі
2024 жыл 29-30 қазан күндері «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-де жыл сайынғы дәстүрлі шара «Ашық есік» күндері өткізілді.
Шараның мақсаты: Кітапхана қызметі мен зағип қызметкерлердің жұмыс орындарын жалпы жұртшылыққа таныстыру, жаңа оқырмандарды кітапханаға тарту.
Айтулы күндері кітапханаға Алматы қаласындағы «Жоғары медициналық колледжі», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қаскелең Мәдениет колледжі, Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің 1-2 курс студенттері, Нұр-Мүбәрак университетінің, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының кітапханашылары, А.П. Чехов атындағы кітапхана, №4 кітапхана, Alatau Creative Hub кітапханасы, мен Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері келді.
«Ашық есік» күндері аясында кітапхана фойесінде «ЗНКААРК» РММ-нің кітап қорындағы әдебиеттерден дайындалған «Ерекше жандарға ерекше кітап» көрмесі және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында дайындалған «ҚР тарихи және мәдени ескерткіштері тактильді кітапта» тактильді кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.
Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің қызметкерлері келушілерді оңалту кабинетінің жұмысымен, «Саусақ ұшындағы әлем» тифлоқұралдар, «Біздің басылымдар» атты көрмесімен таныстырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды ортаға бейімдеу туралы ақпараттар берді.
Келушілерге кітапхана бөлімдері бойынша экскурсия жүргізіліп, жайпақ баспа қаріпті мәтінді Брайль қарпіне аудару және оны пайдаланушылар үшін басып шығару процесімен, зағип мамандардың жұмыс орындарымен (тифлокомплекс) таныстырды. «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінің қызметкерлері экскурсия барысында негізгі жұмыс процесін көрсетті. Студенттер мен кітапханашыларға арнайы бағдарламалармен (Adobe Audition, Jaws Windows үшін, Duxbury BrailleTranslator (DBT), сондай-ақ Брайль принтерімен (Braille Box V5), Брайль дисплейімен (focus Blue 40) жұмыс істеу туралы ақпараттар берілді.
Жеке қызмет көрсету бөлімінің залында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Кенжеғұл Сейтжанның «Бізде шектеулер жоқ, мүмкіндіктер бар» видео-сұхбаты көрсетілді.
Ашық есік күндері кітапханаға 231 адам келді.