News & Events
Көкшенің көк нөсері — Көкен ақын
- 15.03.2024
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында «Көкшенің көк нөсері — Көкен ақын» тақырыбында ҰОС-ның ардагері, ҚР-ның Халық ақыны, жазушы, Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл толуына орай әдеби-танымдық сағат өтті.
Шара мақсаты: Ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау.
К. Шәкеев қазақы сөздің қадір-қасиетін жоғары бағалап, орынды қолдануға үндейтін. Айтыс өнерінің — тәрбие мектебі екеніне ерекше назар аударған. Ақын 13 жасынан бастап қолына домбыра алып, өлеңдерімен халықты тамсандырған. Ол Көкшетаудың абыройы, айбыны, асқар тауы болды — дейді соңынан ерген інілері.
Осыған дейін Арқа алабында ағындап келіп омақа асқан айтыс біраз уақыт бас көтере алмай бұқпантайлап қалғандығы ақиқат еді. Сонда, басқа өңірлерді қайдам, Көкшетау алабында айтыс алпысыншы жылдары қайта жанданып, қалың жұрттың қуаныш, қызығына өріс ашқандай болды. Оның бастау көзінде даңқты Үкілі Ыбырайдың немересі асқақ әнші, адуынды асау ақын Мұса Асайынов пен Көкен Шәкеев тұрған болатын.
Екі ақынның қолтықтаса қатар жүріп, сахнаға да қатар шығып сөз сайысына түсулері ұлы өнердің өліп барып тірілген тектілігін қалың елге қайта танытқандай еді. Алдын ала жазып алып айтысқан бірқатар таланттарға өнеге үлестіріп, үлгі болған осы қос ақынның суырыпсалмалық қасиеттері ауысып, бертін келе олар да қағазға иек сүйеуді қойып, импровизаторлық өнер биігіне қанаттарын қаға бастаған. Ал, Көкен ақынның соңынан ілесіп, сөз өнерінің небір хикметін саналарына сіңіре алған бүгінгі тарлан таланттар, сөз жоқ, ұстаз ұлағатын ұмытпаса керек.
Әдеби-танымдық сағат барысында К. Шәкеевтің Қазақстан айтыс ақындары қауымдастығының тұңғыш президенті болғаны, жалпы өмірі жайында екі тілде ақпарат беріліп, оның атында ашылған музей туралы бейнеролик көрсетілді.
Кітапхананың баспасөз қызметі