News & Events
Алғысым шексіз, туған ел!
- 01.03.2024
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында «Талаптың мініп тұлпарын» атты ЖОБА аясында танымал Қазақ өнерінің қайраткері, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, кинорежиссер, документалист, әнші, актер Ғазизхан Әділхановтың «Алғысым шексіз, туған ел!» атты шығармашылық кеші өтті.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында жылдық жоспарға алынған «Талаптың мініп тұлпарын» атты ЖОБАсы аясында өткізілетін шараларға белгілі бір тұлғаның шығармашылығы арқау етіледі. Міне сондай шараның бірі 1 наурыз – Алғыс айту күні Қазақ өнерінің қайраткері, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, кинорежиссер, документалист, әнші, актер — Ғазизхан Әділхановтың шығармашылығына арналды.
Кешті кітапхана жанынан құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшесі, Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші – Құмарбеков Бауыржан мырза мен осы ЖОБАға жауапты әрі жоспарға енгізген кітапхана қызметкері – Захра Әнуарқызы жүргізді.
Шара ашылғаннан кейін, көрермен қауым Ғазизхан Ыбрайханұлының қысқаша өмірбаянымен танысты.
***
Ғазизхан Ибырайханұлы Әділханов 1959 жылы 12 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Шілікті ауылында дүниеге келген.
1964 жылы Ғазизхан 5 жасында анасы мен бауырлары үлкен үйге түнеуге кетіп, ал кішкентай 5 жасар Газизхан тапшанда ұйықтап қалған болатын. Сол кезде жазғы ас үйден өрт шығады. Бүкіл ауыл өртті сөндіруге келді, ал көршілерінің бірі өрттен баланы алып шығады. Баланың денесін 50 пайыз күйік шалады, содан аудандық ауруханасының білікті хирургі — Халел Халимуллин көптеген операциялар мен тері трансплантациясын жасау арқылы құтқарып қалады. Міне, осылай өмірдің алғашқы қадамын ауыр сынақпен бастаған Ғазизхан ағамыз бір Алланың күшімен үлкен болашаққа аяқ басады.
Мектепті бітірген соң ауылда еңбек етіп, 1979 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжіне оқуға түсіп, оны 1981 жылы аяқтады. Қазақстан Республикасының халық әртісі Гульжихан Галиевадан тәлім алып, шәкірті болды. 1981 жылдары Алматы мемлекеттік театр институтына оқуға түсіп, 1986 жылы тәмамдады.
Халық әртістері: Кәукен Кенжетаев, Торғын Тасыбекова, Есім Сегізбаев, Мәриям Жақсымбетовалардың шеберханасынан өтеді.
Көп жылдар Жетісай музыкалық театрында, «Казахфильм» киностудиясында, «Қазақстан», «Хабар», «Алматы», «Хит ТВ» телеарналарында қызмет етті.
2006 жылдан бастап бүгінге дейін Алматы қаласы мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрында қызмет етіп келеді.
Ғазизхан Әділханов «Қазақ өнерінің қайраткері», «Мәдениет қайраткері», «Еңбек данқы», «Батырлар шапағаты», «Азия сұлтаны» медальдары және ҚР Президентінің «Құрмет грамотасы» марапатының иегері.
***
Шара әрі қарай жалғасын тапты. Ақынның шымылдығын жыр ашады десе, кинорежиссердің шымылдығын оның түсірген фильмдері ашты.
Шығармашылығымен оқырмандарды тереңірек таныстыру мақсатында Ғазизхан Ыбрайханұлының түсірген деректі фильмдерінен кітапхана қызметкерлері дайындаған «Өнерім — өмірім» атты қысқаша бейнеролик және «Шырағың сөнбесін» атты көркем фильмінен үзінді көрсетілді.
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй» — деп Абай атамыз айтқандай шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Ғазизхан аға бұл күндері «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты — көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандардың демалысын ұйымдастыру бөлімін басқарады. Ол осы ерекше жандар арасынан өнерпаздарын жинап, іріктеп, үздік дегендерін республикалық, халықаралық байқау, фестивальдерге шығарып, олардың жүлделі орын алуларына себепкер болып жүрген жан. Есту қабілеттері төмен жүлдегер шәкірттері: Меңдібаев Әлім Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Қуат Шілдебаевтың «Отан ана» әнін, Королева Лаура Сергей Германцевтің «Земля Казахстана» әнін қол қимылымен орындап, көрермендерді ерекше сезімге бөледі.
Өзбекстаннан келген музыкант – Бахадыр Юлдашев, Қазақ соқырлар қоғамына қарасты «Атамұра» халық-аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі – Мирас Қожахметов, «Армандастар» вокалды аспаптар ансамблінің жетекшісі – Бәтима Сағынғалиқызы, Халықаралық өнер байқауларының жүлдегері — Думан Жақанбаев және т.б. орындауларында күй тартылып, ән айтылып кеш қыза түсті.
Жоғарыда айтып кеттік Ғазизхан Ыбрайханұлы — сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ағасы. Оның репертуарындағы әндер әр тілде, түрлі жанрда. Кеш барысында өзі 10-ға тарта әнін орындап, соңында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін залда отырған көрермендер қосыла айтып аяқтады.
Захра Әнуарқызы,
«ЗНКААРК» РММ қызметкері