News & Events
ҚР Мәдениет қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұстазы, доцент — Мұрат Әбуғазымен «Көңіл толқыны» тақырыбында кездесу кеші
- 23.02.2024
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
2024 жылдың 23 ақпан күні «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-сі ҚР Мәдениет қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұстазы, доцент — Мұрат Әбуғазымен «Көңіл толқыны» тақырыбында кездесу кеші өтті.
Кездесу кеші домбыра аспабы мен күйшілік өнерді жан-жақты, кешенді түрде зерттеген өнерлі тұлға – Мұрат Әбуғазының шығармашылығымен оқырмандарды таныстыру және күйшінің өнерін дәріптей отырып, жас кітапханашылардың мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Шара, жылдық жоспарға алынған «Талаптың мініп тұлпарын» атты ЖОБАның аясында өтті. Кітапхана жанынан құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшелері (ақын, жазушы, күйшілер) кездесу кешінің мазмұнды өтуіне тікелей атсалысты.
Кездесу кешіне белгілі тұлға — Мұрат Әбуғазы шәкірттерімен, Қазақстан Республикасының құрметті журналисті, бірнеше жылдар бойы аудандық «Ертіс өңірі» газетінде редактор болған ақсақал журналист – Әбділпар Жайсанов, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, сазгер, ақын — Мұратхан Донбаев, Республикаоық Күйшілер одағы қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының төрағасы – Талап Қараш, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері – Ғазизхан Әділханов, әнші, ақын, сазгер, желтоқсан қозғалысының қайраткері – Халелхан Әділханов және т.б. қатысты.
Кешті Қазақ соқырлар қоғамының жанынан құрылған «Атамұра» халық-аспаптар ансамблі Бақтыбай Жолбарысұлының «Әуен» және Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйлерімен ашты. Шара барысында күйші Мұрат Әбуғазы ансамбль Сүгір Әліұлының күйі «Ыңғайтөк» және Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін бірге орындап көпшілік қошеметіне бөленді.
Захра Маханова, Баспасөз хатшысы