News & Events
Алтын қоңыраулар қағылсын
- 02.02.2024
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттап, ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында ақын, драматург, филология ғылымының докторы, профессор — Әбділда Тәжібаевтың туғанына 115 жыл толуына орайластырылған әдеби-танымдық сағат өтті.
Әбділда Тәжібаев — лирика мен поэма жанрында сүбелі жыр жазып, ұлт әдебиетін драмалармен байытқан, қазақ поэзиясының ұлы көшін ілгері жетектеген белгілі тұлға. Оның қаламынан туған шығармалары төл әдебиетіміздің төрінде тұр.
Шара барысында ақынның ғибратты ғұмыры, шығармалары жайында бейнероликтер көрсетіліп, өлеңдері оқылып, кітапхананың кітап қорындағы кітаптарына шолу жасалды. Сонымен қатар, оның жазған сценарийі бойынша түсірілген «Жамбыл» кинофильмінен қысқаша фрагмент көрсетілді.
Шара қонақтары ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Республикалық Күйшілер одағы қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының төрағасы — Талап Қараш Ә. Тәжібаевтың шәкірті болған анасы Қанипа Бұғыбаеваның «Ақынға» деген арнау өлеңін оқып, соңынан күй орындады. Ал ақынның өлеңдерін жастайынан жаттап өскен, кітапханамыздың жанынан құрылған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының төрағасы, бірнеше өлең жинақтары енген кітаптардың авторы, зағип ақын — Әбетхан Тоқтаған мен Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжінің студенттері ақын өлеңдері мен поэмаларын жатқа оқыды.
Шара соңында кітапхана қызметкері Мазимхан Абдрахманова ақынның «Туған жер» атты өлеңіне жазылған әнді орындады.
Кітапхананың баспасөз қызметі.