News & Events
Қалам мен шалқар күйдің иесі
- 29.11.2023
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында әр айға жоспарланған өнерлі тұлғалар өмірінен сыр шертетін «Өнегелі өмір» ЖОБАсының кезекті отырысы өтті. «Өнегелі өмір» ЖОБАсы «Қалам мен шалқар күйдің иесі» тақырыбында белгілі күйші, ақын, жазушылардан құралған «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшелерінің тікелей қатысуымен өтті.
Отырыс, клуб мүшесі Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Махамбет атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты, Республикалық Күйшілер одағы қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының төрағасы — Талап Қараштың шығармашылығына арналды.
Шараға «Парасат» орденінің иегері – Заманбек Әбдешов; Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі — Мұхтар Өтеуов; «Үш қоңыр» республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газетінің бас редакторы — Болат Батыр; «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері, ақын, жазушы — Болат Шарахымбай; Қазақ өнерінің қайраткері, әнші, сазгер – Қарашева Ләззат Қанағатқызы; ҚР Мәдениет қайраткері, әуесқой сазгер, дәстүрлі әнші – Бауыржан Құмарбеков және кітапханамыздың «Өнер өрімдері» әдеби-мәдени клубының мүшесі, желтоқсаншы, ақын — Хәлелхан Әділханов және т.б. қатысты.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Байұзақов, әрқашан кітапханада өтетін шараларға рухани демеушілік көрсетіп жүрген өнер иесіне шығармашылық табыстар тілеп, шараның сәтті өтуіне тілектестік білдіріп ашып берді.
Шара «күй» мен «жырды» қатар алып жүрген ақынның «Сыр шашу» өлеңімен басталды:
Бір қанатым күй, бір қанатым жыр менің,
От көрігін көңілдердің үрледім.
Жамандардың ләппай қағып алдында,
Қаламадым жақсылардың жүргенін.
Қазақ болып туғаныма қуанам,
Домбыраның құлақтарын бұраған.
Шыр етіп бұл дүниеге келген соң,
Шындықты айтпай қалай енді тұра алам?!
Кезім келді сөйлейтұғын, сеземін,
Өткен күннің кезіп қилы кезеңін.
Мен айтайын, ал сен тыңда замандас,
Сенің де бір келер бір күн кезегің.
Бір қанатым жыр, бір қанатым күй менің,
Қайрылмайды алға тартқан күйме күн.
Шаң басып бір қалмасын деп шабытым,
Көн терісін пенде күннің… иледім…
Әрі қарай алдын ала дайындалған бейнероликте Талап Қараштың анасы – белгілі ақын, Қанипа Бұғыбаеваның жас Талапты алғаш өнерге баулыған шағынан бастап көрсетіліп, жігіт болып қалыптасуындағы әкесінің, яғни, Мәдениет майталманы – Қанағат Қарашевтың рөлі, қарындастары: Ләзиза және Ләззаттың сазгер ретінде ағасының өлеңдеріне жазған әндері жайында баяндалды. Сонымен қатар, өнер иесінің өмір жолы, отбасы, бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігі көрсетіліп, шығармашылығына қысқаша саяхат жасалды.
Келген қонақтар арасында өнер саласындағы ұстаздары мен әріптестері, өзі тәрбиелеген шәкірттері, достары, қарындасы қатысып, жылы естеліктерімен бөлісті. Олар Талап ағаның өнерге деген шексіз адалдығына, сүйіспеншілігіне, қайтпас қайратына қайран қалатындарын тілге тиек етті.
Шара барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Сағыныш», «Тіл туралы жыр», «Иіс», «Домбыраны жер аударып жібермек», «Рух оянған күн», «Көктемді аңсау», «Мұқағали Мақатаевтың рухына» атты бүгінгі күн талабына сай жазылған өлеңдерін Т. Қараштың «Қазығұрт толғауы» атты күйінің сүйемелдеуімен жатқа оқып, көпшілікті ақынның шығармаларымен тәнті етті.
Талап аға, авторлық күйлерінің шығу тарихымен таныстыра отырып, бірнеше күйін орындап берді. Тарихымен таныс болғаннан кейін көп дүниеден хабар беретін күйлері ерекше әсер етті.
Сонымен қатар, Талап аға Алматы қаласында көптеген мәдени шараларға атсалысып, өзі төрағалық ететін күйшілер одағының ұйымдастыруымен концерттер өткізіп, республиканың танымал күйшілеріне одақ атынан төсбелгілер табыстап сүбелі еңбек етіп келеді. Ол шаралардың талайына кітапхана қызметкерлері қатысып, куә болған жағдайы бар. Талап аға тек кітапхана шараларына атсалысып қана қоймай, кітапхананың қызметкерлерін қазақи рух көтеретін, қоғамдағы мәдениет пен руханиятты дамытуға бағытталған халық шығармашылығы жетістіктерінен хабардар болуына ықпал етіп жүреді.
Келешекке құнды мұра қалдыру мақсатында өзінің жанына жақын күй, жыр өнерін келешек ұрпақ жадында сақтауына, көздің қарашығындай қорғап, ілгерілету бағытында жасап жатқан еңбегі біз үшін өлшеусіз.
Ең бастысы осы іс-әрекеттері арқылы атадан балаға мирас боп қалатын дәстүрлі ән-күй, жырды одан әрі дамытып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, руханиятымызды жаңғыртып, болашақ ұрпақ үшін мол мұра жинақтауда десем артық айтқандық емес.
Өнерді қадір тұтқан, өмірін өнерімен өрген Талап ағамызға Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана ұжымының атынан мол шығармашылық табыстарға жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Захра Әнуарқызы,
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана қызметкері