News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында ай сайын өткізілетін «Өнегелі өмір» ЖОБАсы аясында «Өнер өрімдері» клубының мүшесі, I-II-ші Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, әуесқой сазгер, дәстүрлі әнші – Бауыржан Құмарбековтың шығармашылығын кітапхана оқырмандарына насихаттау мақсатында кездесу кеші өтті.
Шараға «Парасат» орденінің иегері – Заманбек Әбдешов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері — Дәлел Уәшев, Республикалық Күйшілер одағы Алматы филиалының төрағасы — Талап Қараш, дәстүрлі әнші – Асқар Төлеуханұлы және т.б. қатысты. Кездесу кешіне келген өнер жанкүйерлері дәстүрлі әндер тыңдап, Б. Құмарбековтың шығармашылығынан сусындап, оның атсалысуымен басылып шығарылған: «Зайсанды ән-күйімен әлдилеген», «Қайран Алтай — Марқакөл», «Төртуыл — ТОҒЫЗ тарихнамасы», «Зайсанның жайсаң балуандары» атты кітаптардың шығу тарихынан хабардар болды. Кітаптардың басылып шығуына тікелей мұрындық болған Бауыржан аға қосалқы авторлармен таныстырып, ақпараттарды жинақтау барысында болған жайттарды әңгімеге арқау етті. Әр кітапқа жеке-жеке тоқталып, шығарылу тарихы, мазмұны жайында әңгіме өрбітіп, авторлар пікірлерін ортаға салды.
Жалпы, Бауыржан ағаға өнер арғы атасынан берілген. Олай деп айтуымыздың өзіндік себебі бар. «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясын құрастыру барысында, зерттеушілер бұрын-соңды естімеген, немесе, қазірде ұмытылып бара жатқан көптеген ескі әндер табылды» — деп бірқатар әндерді атай келе, Құмарбек Көпенұлының (атасы) «Қайран Алтай-Марқакөл» әнін келтіреді. Бұл ән қазіргі әншілердің репертуарларында мүлде кездеспейтіні айтылады. Бұл ән көпшілікке, немересі Бауыржанның орындауында жетіп отырғанына бүгін біз куә болып отырмыз. Десе-дағы «қазақтың дәстүрлі әні» аталатын, көздің қарашығындай сақтайтын рухани асыл мұра, қымбат жәдігерлігіміздің қазіргі барын түгендеп, шашпай-төкпей, кейінгі ұрпаққа табыстау – бүгінгі біздің парызымыз.
Дәстүрлі әнді дәріптеп, халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан бай музыкалық мұрасын сақтап, насихаттап, ұрпақ сабақтастығымен дамытып, ғасырдан ғасырға аманаттап тапсырушы да Б. Құмарбеков сынды өнер көшін үкілеп алып келе жатқан азаматтарымыз.
Шара қонақтары жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерден әңгіме өріп, ән айтып кітапхана қызметкерлеріне ыстық ықыласын білдірді.
З. Маханова,
Жеке қызмет көрсету бөлімінің қызметкері