News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен талантты ұлы композитор, Қазақстанның халық артисі Әсет Бейсеуовтың туғанына 85 жыл толуына орай «Сері мінез, ән — Әсет» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Кешке ҚР «Мәдениет саласының үздігі», Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Күйшілер Одағының Алматы филиалының төрағасы, белгілі күйші, режиссер Талап Қараш арнайы келіп, қонақ болды.
Талап Қараш жақсының жарқын тұлғасы, Әсеттің жасампаз әндері туралы жүрек жарды лебізін білдіріп, еске алды. Композитордың туған күніне орай өткізілген еске алу шарасының ең басты өрнегі «Ән Әсет» атты деректі фильмі еді. Оның авторы әрі түсіруші режиссері, өнерпаз Талап Қараш. Режиссер Әсеттің көзін көрген жандармен, әнін орындаушылар арқылы өнер тұлғасының рухын көрермендер көңілінде жаңғыртуға ұмтылыпты. Көрген адамды жалықтырмайтын жинақы дүние сонысымен құнды. Бейне туындыны көрген жұртшылық ризашылықтарын білдірді. Композитордың «Сырласу вальсі», «Мұңайма» тағы көптеген әндері экранда көрсетіліп, кең тараған «Алтыным» әнін кітапхана қызметкері Баймуратова Нурия, «Армандастар» әнін кітапхана қызметкері Момбекова Назым сахна төрінде шырқап, көрермендердің ризашылығына бөленді.
Кеш соңында кітапхана директорының орынбасары Джумабеков Махсут Тайнович Әсет Бейсеуовтың әндерін орындаған әншілерге, қонақтарға алғыс айтып, бүгінде қандай кеш болсын, мерекелі думанның көркін келтіретін Әсет әндері екенін атап айтты. Сөйтіп, ән сүйер қауым Әсетін есіне алды. Қазақ аман болса, Әсеттің әндері де ешқашан ұмытылмақ емес. Кеш әсерлі де тартымды өтті. Кітапхана оқырмандары осы кешті ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғыс білдірді.
Шараға барлығы 22 оқырман қатысты.
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері