News & Events
Балаларды қорғау — болашаққа бағдар
- 02.06.2023
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Үстіміздегі жылдың 2 маусымы күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана Алматы қаласы зағиптар қоғамының «Жылы ұя» мүгедектерді оңалту орталығымен бірлесе Н. Островский атындағы Қазақ зағиптар қоғамының Мәдениет үйінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балаларды қорғау — болашаққа бағдар» атты шара өткізді.
Іс-шараның мақсаты: Балалардың жеке қасиеттерін дамыту. Бір-бірін сыйлауға, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпай ұстауға жетелеу. Балалық шақтарын бақытты өткізуге, елінің білімді де тәрбиелі азаматы болуға баулу. Достыққа, бірлікке тәрбиелеу және балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау.
Шара барысында ақпараттық-танымдық бейнеролик көрсетіліп, кітап көрмесі таныстырылды. Викториналар мен интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды. Мерекелік шарада Алматы қаласы білім басқармасының №4 арнайы мектеп-интернатының оқушылары, атап айтатын болсақ Әбдіғұл Лаура, Умерова Дарья, Жангирова Сәулемай, Нұрлан Еркежан, Ахмет Расул, Нургалиева Алима, Калкаман Мелисса әннен шашу шашып, Шади Шыңғыс пен Әбдіқадыр Асылан домбырамен күй шертті. Кітапхананың жас оқырмандары Шеріпбай Ханифа мен Пердебайқызы Сафия дөңгелене би билеп, Мусатаева Мөлдір ән шырқап, Кыстаубаев Абдуррахман Абай атамыздың өлеңін оқыды. Ал өнерлі отбасы Кожахметов Мади анасы Нұриямен бірге өз өнерлерін көрсетті.
Шараға қатысқан барлық балаларға Алматы қаласы зағиптар қоғамының «Жылы ұя» мүгедектерді оңалту орталығы мен Н. Островский атындағы Қазақ зағиптар қоғамының Мәдениет үйінің дайындаған сыйлықтары беріліп, тәттілер үлестірілді.
Кітапхана қызметкерлері әр түрлі кейіпкерлердің костюмдерін киіп, балаларға тамаша көңіл күй сыйлады. Балалар естен кетпес керемет мерекелік шарадан жақсы әсер алды.
Шараға 25 бала қатысты.
Торгын Муханова,
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің кітапханашысы