News & Events
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.
Мамыр айының 30-шы жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана «Зұлмат жылдар ұмытылмайды» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Кештің мақсаты: Қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезеңде солақай саясаттың құрбаны болған қазақ халқының зиялылары туралы мағлұмат беру, олардың есімдерін құрметтеуге, ұмытпауға тәрбиелеу, сондай-ақ сол уақытқа тәуелсіз ел ұрпағының көзімен баға беру.
Өткен ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ұлы оқиғалармен есте қалады. Сол оқиғалардың ішінде «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың басынан өткен 1930-1938 жылдар ауыр да азапты кезең болды. Өткенге ой жіберіп, осы күнге жете алмай, армандап өткен асыл ағаларымызды еске алу, ұмытпау – әрбір ұрпақтың парызы.
Кеш барысында 31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында арнайы бейне баян көрсетілді. Осы тарихымыздың зұлмат беттеріне тоқталып, құнды баяндама жасалды. Кеште елін сүйген, жазықсыз қудаланған арыстардың есімдері мәңгі сақталып, өшпес із қалдырғаны жөнінде айтылды.
Нақақтан-нақақ қуғын сүргінге ұшыраған Алаш арыстарына арналған Марғұба Мұхтарованың «Жасылдай жұлынған жауқазындар» өлең жолдарын кітапхана қызметкері Мұханова Торғын нақышына келтіріп оқыса, «Сөйлейтін және Брайль» кітаптарын шығару бөлімінің жетекшісі Баймуратова Нурия «В небе беркут» өлеңін орындағанда заңсыздық кезеңінің мыңдаған құрбандарының басына түскен қаншама қиыншылықтарға қарамастан өмір жалғаса беретінін көрсетіп тұрғандай әсер етті.
Иә, өмір жалғаса береді. Сол бір кезеңнің қатыгездігі енді оралмаса екен дей келе, бүгінгі ұрпақтың сол өмір гүлін ешқашан солдырмай, елімізді гүлдендіре береді деп, кәміл сезіммен кеште аяқталды.
Шараға 23 оқырман қатысты.
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері