News & Events
«Арнайы мектеп-интернаттарындағы білім беру аспектілері: теория мен тәжірибе»
- 28.04.2023
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
2023 жылы 28 сәуірде «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-нің кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің қызметкерлері мен директор кеңесшісі Қожамберді Зерде Есік қаласындағы Алматы облысы «№1 облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ-де өткен «Арнайы мектеп-интернаттарындағы білім беру аспектілері: теория мен тәжірибе» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысты.
Конференция 2 бағыт бойынша өткізілді.
1-бағыт «Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларды оқытуда арнайы мектеп-интернаттарының жұмысын жаңғыртудың жолдары».
2- бағыт «Ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларды оқытуда заманауи технологиялар, әдістемелер, табысты практика».
1-бағыт бойынша кітапхана қызметкері Мырзабеков Алмас «Дарим надежду и оптимизм» тақырыбында презентация жасады. Презентацияда зағип және нашар көретін жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда кеңес беру, жол көрсету мәселесі айтылды. Зағип және нашар көретін балаларды еңбекке тарту, өзін-өзі қамтамасыз етуге үйрету, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу балалардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына жақсы ықпал ететіндігі ерекше айтылып өтті, және де осы мәселені нормативтік құжат негізінде қарастыру ұсынылды. Тақырып өзектілігі қатысушыларды қызықтырып, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар алынды. Конференцияның 1-бағытының қатысушылары алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, Алмас «Жетісу» телеканалына сұхбат берді.
Кітапханашы Шамшиева Зарина мектеп фойесінде бедерлі-графикалық құралдар көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге бедерлі суреттермен бейнеленген ертегілер мен нүктелі-бедерлі қаріптегі оқу құралдарынан 17 кітап қойылды. Конференцияға келген барлық қатысушылар, мектеп ұстаздары көрмемен танысты.
2-бағыт бойынша 3 секцияға бөлінген қатысушылар түрлі аудиторияда тәжірибе алмасу мақсатында конференция тақырыбы аясында баяндамалар оқып, слайдтар көрсетті, презентациялар жасап, пікір алмасты.
Конференцияның тәжірибелік бағыты бойынша мектеп мұғалімдері оқушылармен бірге түрлі пәндерден шеберлік кластарын өткізді. Кітапхана қызметкерлері информатика мен ағылшын тілі пәндерінен өткізілген шеберлік кластарына қатысты. Сабақ барысында оқушылардың пәнге деген қызығушылығы, белсенділігі байқалды.
Конференцияның жабылу салтанатында шеберлік кластарын өткізген ұстаздарға, баяндама оқыған қатысушыларға сертификаттар табысталды. Барлық қонақтар мен қатысушыларға мектеп оқушыларының қол еңбегімен жасаған әдемі гүл шоқтары мен қобдишалар сыйға тартылды.
Шара соңында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайына экскурсия ұйымдастырылды.
Мұражайда «Алтын адам» мен «Есік қорғаны» макеттері және басқа да көптеген тарихи экспонаттармен таныстыру жүргізілді.
Шамшиева Зарина, Мырзабеков Алмас.