News & Events
Халықаралық «Ақ таяқ» күні аясында өткізілетін «Мақсат бар жерде шектеу жоқ»республикалық байқауының ережесі
- 27.03.2023
- Posted by: RBNSG
- Category: Баспасөз-хабарламалары
БЕКІТЕМІН
«Зағип және нашар көретін азаматтарға
арналған республикалық кітапхана»
РММ директоры
____________ Байұзаков А.Қ.
« » _наурыз_______ 2023 ж.
Халықаралық «Ақ таяқ» күні аясында өткізілетін
«Мақсат бар жерде шектеу жоқ»республикалық байқауының ережесі.
Жалпы бөлім
Бұл ереже Халықаралық «Ақ таяқ» күні аясында өткізілетін «Мақсат бар жерде шектеу жоқ» байқауын ұйымдастыру және өткізу мақсатында әзірленді.
Байқауды ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ (ары қарай РММ ЗНКААРК).
Осы Ереже байқауды өткізудің мақсаттарын, міндеттерін, шарттары мен мерзімін айқындайды.
1. Байқаудың мақсаты мен міндеттері:
— зағип жандардың мәдени-білім деңгейін арттыру;
— нүктелі-бедерлі әдебиеттерді оқитын зағип жандардың сезу қабілеттерін дамыту;
— компьютерлік сауаттылығын арттыру;
— нүктелі-бедерлі әдебиеттерді оқыту аясында оларды қоғамға бейімдеу және оңалту;
— мемлекеттік (қазақ) және орыс тілдерінде Брайль жүйесі бойынша оқу техникасын жалпы білім беру деңгейін арттыру құралы ретінде дамыту;
— нүктелі-бедерлі әдебиеттер қорын насихаттау;
— түрлі салада зағип жандардың ой-өрісін кеңейтуге атсалысу;
— Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын насихаттау;
— кітапханаға жаңа оқырмандарды тарту.
2. Мақсатты аудитория:
— 16 жастан жоғары зағип және нашар көретін мектеп оқушылары.
— Қазақстанның барлық аймағындағы зағип және нашар көретін азаматтар.
3. Байқауды өткізу мерзімі:
Байқау 2 кезеңде өткізіледі.
І кезең: Аймақтық (іріктеу) — 2023 жылы 17 сәуірден бастап 10 қыркүйекке дейін;
ІІ кезең: Республикалық (қорытынды) – 11 — 12 қазан аралығында, 2 жұмыс күні ішінде Алматы қаласында өткізіледі.
4. Байқауды өткізу шарттары мен тәртібі:
Байқау зағип және нашар көретін(ересектер мен 16 жастан жоғары мектеп оқушылары) қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі.
I кезең, яғни іріктеу кезеңі аймақтарда, ал Республикалық — қорытынды кезең Алматы қаласында өтіледі.
Байқаудың І кезеңін ұйымдастыру мен өткізу облыстық, қалалық арнайы кітапханалардың, ОКЖ филиалдары мен ОӘҒК арнайы бөлімдерінің құзырында.
Байқаудың іріктеу кезеңінен 1 орын алған жеңімпаз қорытынды кезеңнің қатысушысы атанады.
Байқаудың республикалық (қорытынды) кезеңіне қатысу үшін жергілікті ұйымдастыру комитеті аймақтық байқаудың 1 жеңімпаздарының материалдарын РММ «ЗНКААРК» жолдауы тиіс. Олар :
— Ұйым меңгерушісінің қолы қойылып, мөрі басылған арнайы облыстық, қалалық арнайы кітапханалардың, ОКЖ филиалдары мен ОӘҒК арнайы бөлімдерінің атынан (негіздемемен) қатысушыны ұсыну туралы өтініш;
— Іріктеу кезеңінің қорытындылары жазылған хаттама;
— Жеке куәлік көшірмесі;
— Мүгедектігі туралы анықтаманың көшірмесі.
2 кезеңге яғни, қорытынды кезеңге қатысу туралы өтініштерді Республикалық байқаудың Ұйымдастыру Комитеті rbnsg_metodist@mail.ru. электронды поштасы арқылы қабылдайды. Байқауды ұйымдастыру мен өткізу сұрақтары бойынша байланыс телефон нөмірлері: «ЗНКААРК» РММ директорының орынбасары Джумабеков Мақсұт Таинұлы — 8(727) 293-71-25, Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің меңгерушісі Рахимжанова Алия Солташқызы – 8 (727) 293-70-17.
Басқа аймақтан келетін қатысушылардың жол жүруі, жату орны және тамақтануы байқауға қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Байқау материалдары мен қатысушылардың жұмыстарын Ұйымдастыру комитеті –«ЗНКААРК» РММ арқылы құрылған 3 адамнан тұратын құзыретті қазылар алқасы бағалайды.
Қазылар алқасы білікті мамандар, оның ішінде, көру мүмкіндігі шектеулі мамандардан, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құралады.
«Компьютерде жылдам теру», «Жылдам әрі мәнерлеп оқу», «Монологты мәнерлеп оқу», «Берілген тақырыпта өлеңді суырып салып айту» номинациялары бойынша алдын-ала жеребе тастау арқылы өткізіледі.
5 . Байқау келесі номи нациялар бойынша өткізіледі: 1 қосымша
1. «Компьютерде жылдам теру» номинациясы;
2. «Жылдам әрі мәнерлеп оқу» номинациясы;
3. «Монологты мәнерлеп оқу» номинациясы;
4. «Диктант» номинациясы;
5. «Эссе» номинациясы;
6.«Берілген тақырыпта өлеңді суырып салып айту» номинациясы.
Байқауға материалдарды кітапхананың тиісті мамандары дайындайды.
Әрбір номинация бойынша барлық қатысушылар арасынан тек екі жеңімпаз анықталады: біріншісі — мемлекеттік тілде, екіншісі — орыс тілінде.
6. Байқау қорытындысын шығару:
Қазылар алқасы байқаудың қорытындысын мемлекеттік (қазақ) және орыс тілдерінде жеке-жеке шығарады және оған хаттама дайындалады.
7. Байқау жеңімпаздарын марапаттау:
Байқаудың қазылар алқасы 6 номинация бойынша 12 жеңімпазды анықтайды.
Жеңімпаздар дипломдармен, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталады.
8.Байқаудың ақпараттық қамтылуы:
Байқаудың өткізілуін хабарлау мақсатында Ұйымдастыру комитеті бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз хабарламаларын, байқау бағдарламасын және басқа да ақпараттық-анықтамалық материалдарды ұсынады.
Осы Ережені қоса алғанда, байқау туралы барлық ақпарат «ЗНКААРК» РММ сайтында жарияланады.
1 қосымша
БЕКІТЕМІН
«Зағип және нашар көретін азаматтарға
арналған республикалық кітапхана»
РММ директоры
____________ Байұзаков А.Қ.
« » __ наурыз________ 2023 ж.
«Компьютерде жылдам теру» номинациясы
Қатысушы экранды оқу құралы орнатылған компьютердің алдына отырады. Ал жүргізуші алдын-ала дайындалған шамамен 1215-1220 белгіден тұратын мәтінді орташа жылдамдықпен оқиды. Қатысушылар мәтінді стандартты клавиатура көмегімен Word мәтіндік редакторында зағиптар пайдаланатын тәсілмен (он саусақпен теру) тереді. Жүргізуші тоқтамайды және мәтінді қайталап оқымайды.
Орфографиялық және пунктуациялық қатесі неғұрлым аз, мәтінді толық терген қатысушы ғана жеңімпаз болып саналады.
Байқау қорытындысын қазылар алқасы шығарады.
«Компьютерде жылдам теру» номинациясының бағалау критерийлері:
· Жеңімпаз мәтінді толық теріп үлгеруі керек немесе басқа қатысушыларға қарағанда қатесі ең аз болуы тиіс;
· Жеңімпаздың орфографиялық қателері неғұрлым аз болуы қажет;
· Жеңімпаз тыныс белгілері мен бас әріптерді қолдануы тиіс.
Компьютерде теруге арналған материалмен байқаудың әр кезеңінің ұйымдастырушылары өздері қамтамасыз етеді.
«Жылдам әрі мәнерлеп оқу»
Байқаудың «Жылдам әрі мәнерлеп оқу» номинациясы түрлі жастағы оқырмандар арасында дауыстап әрі жылдам оқу техникасы бойынша интеллектуалдық жарыс болып табылады.
Сайыс барысында дауыстап оқу техникасы тексеріледі. Оқу қарқыны, дұрыс оқу (қатемен және қатесіз оқу: әріпті қалдыру немесе ауыстыру, сөздерді қайталау, екпінді дұрыс қою, жалғауды дұрыс айту т.б.), оқығанды түсіну, сондай-ақ, мәнерлеу ескеріледі.
Қатысушыға алдын-ала дайындалған оқуға арналған мәтін беріледі. Тексеруден өтіп жатқан сайыскерге мәтінді алдын-ала оқуға болмайды.
Оқуға берілген мәтінді қатысушы 5 минут ішінде дауыстап оқиды. Қазылар алқасының мүшесі уақытқа қарап, қатысушыға мәтінді оқуға өзі рұқсат береді және 5 минут өткенде қатысушыны өзі тоқтатады. Әділ қазы мәтін оқылу кезінде тексеру параметрлеріне сәйкес ескертпелерді жазып отырады. Ол мәтін оқылып басталғаннан 5 мин өткенде, яғни оқу уақыты аяқталғанда соңғы оқылған сөзді белгілеп қояды.
Мәтінді оқып болған қатысушы ұйымдастырушының көмегімен аудиториядан шығады, осы кезде әділ қазылар мүшесі оқылған сөздерді санап, оқу техникасын тексеру нәтижелерін шығарып, кестеге тіркеп қояды. Қатысушы мәтін оқып отырған уақытта оған кедергі жасауға және оны алдын ала бағалауға болмайды.
Сайыс қорытындыларын қазылар алқасы шығарады.
5 минут ішінде мәтінді анық, мәнерлеп және неғұрлым сауатты түрде оқыған сайыскер жеңімпаз атанады.
«Жылдам, әрі мәнерлеп оқу» номинациясы бойынша бағалау критерийлері:
· Жеңімпаз басқа сайыскерлерге қарағанда 5 минут ішінде көп сөз оқып шығуы тиіс.
· Жеңімпаз анық, сауатты және мәнерлеп оқуы қажет.
Оқуға арналған материалды (мәтінді) байқаудың әр кезеңінің өз ұйымдастырушылары дайындайды.
«Монологты мәнерлеп оқу»
Байқауға қатысушылар алдын-ала дайындалған монологты (ұзақтығы 3-4 минут) кезекпен оқиды. Байқау қорытындысын әділ-қазылар алқасы шығарады.
«Монологты мәнерлеп оқу» номинациясы бойынша бағалау критерийлері:
· Бірінші кезекте монологтың мәнерлеп оқылуы бағаланады
· Анық және дұрыс оқу
· Орындау шеберлігі
Іріктеу кезеңде оқылатын монологтың тақырыбын сол іріктеу кезеңінің ұйымдастырушылары дайындайды.
Республикалық, қорытынды кезеңде оқылатын монологтың тақырыбын «ЗНКААРК» РММ бір ай бұрын дайындап жібереді.
«Диктант»
Қатысушылар орналасып, жазуға дайындалады. Жүргізуші алдын-ала дайындалған шамамен 215 — 220 сөзден тұратын мәтінді орташа жылдамдықпен оқиды. Қатысушылар мәтінді Брайль жүйесі бойынша арнайы жазу құралдарымен жазады. Жүргізуші тоқтамайды және мәтіннің оқылып болған бөлігін қайта оқымайды. Диктант аяқталғаннан кейін қатысушыларға мәтінді тексеріп алуға 3 минут беріледі. Орындалып біткен жұмыс қазылар алқасына тапсырылады.
Байқау қорытындысын әділ-қазылар шығарады.
«Диктант» номинациясының бағалау критерийлері:
· Жеңімпаз мәтінді толық жазуы міндетті немесе басқа сайыскерлермен салыстырғанда жіберген қатесі аз болуы қажет;
· Жеңімпаздың орфографиялық қатесі мен түзетулері неғұрлым аз болуы тиіс.
· Жеңімпаз тыныс белгілерді қолданса.
Диктантқа арналған материалды, яғни, мәтінді әр этаптың өз ұйымдастырушысы дайындайды.
«Эссе»
Қатысушыларға арнайы тақырыпта эссе (шығарма) жазуға тапсырма беріледі. Жүргізуші тақырыптың атын атап, эссе жазуға 45 мин уақыт береді. Дайын болған жұмыстар әділ-қазыларға тапсырылады.
Байқау қорытындысын әділ-қазылар шығарады.
«Эссе» номинациясын бағалау критерийлері:
· Шығарма тақырыбына мазмұнының сай келуі
· Шығарманың ерекшелігі мен ой ұшқырлығы
· Қатысушының өз ойын жеткізе алуы
· Сауаттылық.
Эссе тақырыбын байқаудың әр этапының өз ұйымдастырушылары дайындайды.
«Берілген тақырып бойынша өлеңді суырып салып айту» номинациясы
Қатысушыға өлең тақырыбы ұсынылып, 30 минут уақыт беріледі. 30 минут өткеннен кейін әр қатысушы өз кезегімен шығарған өлеңін қазылар алқасының алдына шығып оқиды. Өлеңді оқуға 5 минуттан артық уақыт берілмейді.
«Берілген тақырып бойынша өлеңді суырып салып айту» номинациясын бағалау критерийлері:
· Өлең мазмұнының тақырыпқа сай келуі
· Шығарманың ерекшелігі
· Сайыскердің өз ойын өлең жолдарымен жеткізе алуы
· Орындау шеберлігі
Өлең тақырыбын байқаудың әр этапының өз ұйымдастырушылары дайындайды.
2 қосымша
Үміткерді ұсыну
Аймақтың атауы (қала, облыс)
Мекеменің толық атауы
Қатысушы үміткердің аты-жөні, туған жылы
Басшының аты-жөні, қолы
Байқауды ұйымдастыру және өткзіу мәселелері бойынша директорының орынбасары: Джумабеков Мақсұт Таинович — 8 (727) 293-71-25, Кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің меңгерушісі Рахимжанова Алия Солташевна – 8 (727) 293-70-17 хабарласуға болады.
Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 214, rbnsg_metodist@mail.ru. «ЗНКААРК» РММ