News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 31 қаңтар күні әнші, сазгер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Алтынбек Қоразбаевтың туғанына 75 жыл толуына орай «Сырлы әндермен сыр шерткен» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты: Туған еліне еңбек етіп, қазақ эстрадасының дамуына зор үлес қосқан дарынды композитор, шебер орындаушы, өте тәжірибелі, білікті, ардақты ұстаз Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылығын насихаттау.
Шара барысында оқырмандарға сазгердің өмірбаяны қазақ және орыс тілдерінде таныстырылып, сазгер туралы арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді.
Кеште, бүгінде бүкіл халқымыздың сүйікті композиторына айналған Алтынбек Қоразбаевтың әндері орындалды. Сазды кеште Алтынбек Қоразбаевтың ән қоржынынан кітапхана оқырманы Тайжанова Мадина, Көздібаев Ғалым «Қоштасудың қиыны-ай», Хабибуллаева Дурдона «Сен мені сағындың ба» әндерін орындады. Алтынбек Қоразбаевтың көпшілікке таныс әндерінің бірі «Сағындым Алматымды» әнін «Армандастар» вокалды-аспаптар тобының жетекшісі, әнші Батима Сағынғалиқызы, немересі Зайцева Миланамен бірге орындап, келген қонақтарды риза етті.
Іс-шараға Н. Островский атындағы зағиптер және көздері нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатының жоғары сынып оқушылары, Есік қаласының облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатының оқушылары, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері қатысты, барлығы 89 адам.
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері