News & Events
Ардагерлерді ардақтайық
Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 30-шы жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада «Ардагерлерді ардақтайық» атты 1 қазан қарттар күніне арналған әдеби-сазды кеш өтті. Шараға кітапханада көп жылдар қызмет етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысында отырған ата-апаларымыз бен кітапхана оқырмандары қатысты
«Қарты бар үйдің — қазынасы бар» дейді. Қазақ халқы көнеден бері, қарияларын асыл қазынаға теңеп, қадір тұтқан. Іс-шара осы дәстүрді ұмытпай, жалғастыру, насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы Байұзақов құттықтау сөзінде — ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттарымыздың орны ерекше екенін, біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі үлкенді сыйлау оның сөзіне құлақ асу деп атап айтып, осындай теңеуге лайық қарияларды жылына бір рет келетін 1-қазан қарттар күнімен құттықтады.
Әдеби-сазды кеште кітапхана қызметкерлері Момбекова Назым мен Баймуратова Нурия «Алғыс» әнін, Гизатуллина Наталья мен Паздеров Илья «Бабушка», кітапхана оқырманы Сотниченко Вера «Родители» өлеңін, кітапхана қызметкері Хабибуллаева Дурдона «Анамның ақ жаулығы», Тайжанова Мадина «Жақсы адамдарым» әндерін, кітапхана оқырманы Умеров Владимир «Веселья час», «Дорогие мои старики» атты өлеңдерін оқырмандарға тарту етті.
Киелі шаңырақта көп жылдар еңбек еткен, кейінгі жастарды тәрбиелеп, бүгінде ұл-мен қызға немере мен шөбереге өнегелі тәрбие беріп отырған әдемі әжелеріміз сөз сөйлеп, жақсы тілектерін айтып, кітапхана ұжымына ризашылықтарын білдірді.
Іс-шараға 67 оқырман қатысты.
Момбекова Назым,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері