News & Events
Театрды түлеткен Әзірбайжан
- 02.09.2022
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
Ағымдағы жылдың 2-ші қыркүйек күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен онлайн форматта Қазақ театры мен киносының темірқазығы, КСРО-ның халық әртісі Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің туғанына биыл 90 жыл толуына орай, өмірі мен шығармашылығына арналған «Театрды түлеткен Әзірбайжан» атты дауыстап оқу сағаты өтті.
Іс-шараның мақсаты: Қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, кеңестiк дәуiрде-ақ өзiнің дарынымен қазақ театрының мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарландарының бірі Әзiрбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтың таланты мен танымын паш ету.
Қазақ театрының өткен жолын барласақ, сахналық өнеріміздің дамуына өз үлестерін қосқан талай режиссерлердің есімдерін кездестіреміз. Соның ішінде, Қазақтың М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының соңғы он бес жылғы шығармашылық жолы режисер Әзірбайжан Мәмбетовтің қызметімен тығыз байланысты. Қоюшы режиссер, кейіннен директор, бас режиссер қызметтерін атқарды.
Осы жылдар ішінде Ә. Мәмбетов 150-ден астам театр қойылымдарын сахналап, 1965 жылы Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» шығармасы бойынша қойылған спектаклімен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
Режиссер Ә. Мәмбетов сондай-ақ, кино саласында көрерменнің жүрегіне жол тартып, қазақ киноматография саласының алтын қорынан өзіндік орын алған «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы» секілді шығармаларды көркем таспаларға түсіріп, «Абай» сынды телефильмді дүниеге келтіріп, кино әлемінде өшпестей із қалдырды. Ә. Мәмбетовтің ой-өрісінің, құлаш-қарымының кеңдігі әрбір қойылымға жан бітіріп, қан жүгіртіп, кемелдік пен тереңдіктің өлшемін айғақтап бергендей болды. Ол әлемдік классикада: Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит», М. Фриштің «Дон Жуанның думаны», У. Шекспирдің «Кориалан», Софоклдің «Эдип патша», А. Чеховтың «Ваня ағай» және де ұлттық классика үлгісіндегі таңдаулы спектакльдерін жоғарғы деңгейде қойып, театрдың дамуына сүбелі үлес қосты. Қазақстанның Халық қаһарманы, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетов тұлғасы, өнердегi орны халықтың жадында мәңгі сақталады.
Момбекова Н.А.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері