News & Events
Ағымдағы жылдың 19 тамызында Қазақстандағы Спорт күніне орай Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың кәсіби спортпен шұғылданатын зағип оқырмандарына ақпарат берілді.
Іс-шараның мақсаты: Кітапхананың кәсіби спортпен шұғылданатын зағип оқырмандарының спорттағы жетістіктерін насихаттау.
Бірінші кейіпкеріміз Сейітжан Кенжеғұл Социалұлы.
Кенжеғұл Социалұлы Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келген. Отбасындағы 20 баланың кенжесі. 6 жасында аттан құлап, көру мүмкіндігінен айырылған. Бірақ, Кенжеғұл қиындыққа мойымаған, басына түскен ауыр сынақтан сағы сынбаған. Бәрін үйренуге тырысқан, тек ұмтылыстың жағында болған. Жасы 30-дан асқан азамат бүгінде голбол мен тауға өрмелеуден Қазақстан чемпионы.
Жеке кәсіпорын басқарушы директоры, Қазақстан голбол федерациясының вице-президенті, 2017 жылы Республикалық кітапхана зағип жандар арасында өткізілген «Абай оқулары» фестивалінің жеңімпазы.
Тарих мамандығы бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алған. АҚШ-та 2,5 жыл, Англияда 1,5 жыл оқыған. Орыс, ағылшын, жапон, неміс, түрік, қазақ тілдерін еркін, француз, испан, корей, араб тілдерін ауызекі деңгейде меңгерген.
Жары Айман екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Екінші кейіпкеріміз Жұмабеков Мақсұт Тайынұлы.
Мақсұт Тайынұлының негізгі кәсібі кітапханашы болғанымен өз өміріне спортты серік еткен.
1959 жылы 31 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген, жоғары білікті, I топтағы көз мүгедегі.
Мақсұт Тайынұлы 1997 жылы кітапхана пайдаланушыларына арналған аудиоәдебиет шығаратын дыбыс жазу студиясын жаңадан құрды. «Көз мүгедектерін ақпараттық-кітапханалық қамтуын жетілдіруде «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасы»-ның негізінде арнаулы әдебиет шығаратын баспа кешенін құру» жобасын құрастырған азаматтардың бірі. Аталған жобамен кітапхана «Сорос-Қазақстан қоры» бойынша 1999 жылы грант ұтып алды.
2007 жылы халықаралық DAISY стандарт бойынша аудиоматериал шығаратын жаңа дыбыс жазу студиясын құруға белсенділікпен қатысты.
Ресейдің Звенигород қаласында кітапхана ісі және ақпараттық технологиялар бойынша, Украинаның Судак қаласында «Қырым-2006» халықаралық конференцияларға, сондай-ақ республикалық конференциялар мен семинарларға қатысқан. Бірқатарында баяндамалар және хабарламалар жасаған.
Зағиптар арасында компьютерлік сауат ашу бойынша, кітапхананың қызметкерлері және пайдаланушылармен оқу жүргізуге, «ҚСҚ Шелек бастауыш ұйымының» Корпоратив қорының мүшелерімен, мүмкіндіктері шектеулі жастардың «Жігер» ұйымы және де Талдықорған қаласының басқа ҚСҚ мүшелерімен тренингтер өткізді.
Кітапхана ісін дамыту және жаңа ақпараттық технологияларды енгізу үшін Мәдениет министрлігінің белгісі «Мәдениет қайраткері», Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасы, Алматы әкімшілігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Мақсұт Тайынұлы кәсіби түрде шахмат ойынымен шұғылданады, ҚР шахматтан спорт шебері, жаттықтырушы. Спортшы және жаттықтырушы ретінде шахматтан Әлем чемпионаттарында, Әлем кубоктары мен олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Атап айтар болсақ: Испания, Грекия, Индия, Швеция, Румыния.
2020 жылы наурыз айынан бастап елімізде жарияланған төтенше жағдай, карантин уақытында шахмат үстел үсті интеллектуалды спорт ойынынан онлайн режимінде шеберлік сағатын өткізді.
Мақсұт Тайынұлы бүгінгі күнде кітапхана директорының орынбасары қызметінде жемісті еңбегін жалғастырып, мекеменің жұмысын бүгінгі күннің талаптарына сай жүргізуге бар тәжірибесін, күш-жігерін салуда.
Даржанова Г.Т.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің меңгерушісі