News & Events
Қазағымның қазынасы — домбыра
- 04.07.2022
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
202 2 жылдың 1 шілде күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімі Ұлттық домбыра күніне орай «Қазағымның қазынасы — домбыра» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Әдеби-сазды кештің мақсаты: қазақтың қадір тұтып, төрге іліп қастерлеген, көненің көзі, бабадан қалған асыл мұра, құнды қазына, рухани байлық – Ұлттық домбыра күнінің қадір-қасиетін ашу, өскелең ұрпаққа насихаттау.
Шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы шешім ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы 12 маусымдағы № 699 Жарлығымен қабылданған болатын. Бұл Жарлық Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында шығарылған еді. Жалпы, Ұлттық домбыра күнінің мерекеге айналуы – көнеден жеткен асыл қазынамызға, ұлттық мұрамызға берілген лайықты баға.
Әдеби-сазды кештің қонақтары қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің орындауындағы «Әлқисса» күйі туралы түсірілген бейнероликті тамашалай отырып, күйшілер одағы, авторлық қоғамының, өнер шеберлер ассоциациясының мүшесі, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қызметкері Сарқытбай Қалиұлының орындауындағы Мұқаш Таңғытұлының «Заман» және өзінің авторлық «Сағыныш» күйлерін тыңдады. Сонымен қатар 2021 жыл Қазақстанның құрметті азаматы медалінің иегері, әлем халықтар жазушылар одағының әншісі, желтоқсан оқиғасының ардагері, Алатау ауданы ардагерлері ансамблінің әншісі, оркестрдің домбырашысы Садырбаева Айша Смағұлқызының орындауында «Сырғалы жеңгей», «Ерен тау», «Бүлдірген» әндері, кітапханамыздың тұрақты оқырманы Мыржақұлов Әділғазы Жұмағұлұлы Құрманғазының күйі «Кішкентайды», «Армандастар» вокалды-аспаптар тобының мүшесі Дүйсенбиев Ержан Біржан салдың әні «Аты жоқ көкек», Құрманғазының «Балбырауын» күйі, Халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс магистранты Назира Қарашқызының орындауында Түркештің «Көңіл ашар», Қазанғаптың «Жем суының тасқыны», Сүгірдің «Шалқыма» күйлері көрермендер назарына ұсынылды.
Сымдай тартылған қос ішекте сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», — дейді Ахмет Жұбанов. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін де жандандыруда да бұл күннің алар орны ерекше болмақ. Қазақ халқының болмыс-бітімі, күрескерлік мінезі, тарихы, мәдениеті мен рухани байлығы – бәрі күй арқылы әлемге танылатын болады.
Сарсенова Н.Е.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің кітапханашысы