News & Events
Жаса, Наурыз, дәстүрлі
Ағымдағы жылдың наурыз айының 18-ші жұлдызында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Жаса, Наурыз, дәстүрлі» атты әдеби-сазды кеш өтті. Наурызға арналған мерекемізде келген қонақтарға шашу шашылып, ежелден келе жатқан дәстүріміз «Көрісу» салты бойынша қонақтармен көрісіп, наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Жыл басы наурыз мерекесіне, жасы кіші балалар келіп үлкендермен қос қолдап амандасып, наурыз мерекесіне арнайы дайындап келген өлең тақпақтарын көпшілік қонақтарға тарту етті.
Іс-шараның мақсаты: Қазақ халқының салт — дәстүрін, әдет — ғұрпын насихаттай отырып, Наурыз қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету.
Кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы Байұзақов жиналған халықты Наурыз мерекесімен құттықтап, Ұлыстың ұлы күні жоғары дәрежеде тойлануымен қатар, Наурыз ежелден келе жатқан ұлттық мереке екенін атап айтты.
Кеште кітапхана қызметкері Момбекова Назым «Наурыз көктем ару», кітапхана оқырманы Илья Паздеров, Наталья Гизатуллина «Құтты болсын, әз Наурыз!», Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен келген студент қыздар Қадырова Ғайнижамал, Толғанай Әлімқызы, Айман Рахымбердиева көпшілікті тамсандыра ән салса, кітапхана қызметкері Нұрбаев Мағжан «Қазақ жастары», кітапхана оқырманы В. Гусев «Город мой Алма-Ата» әнін орындаса, «Жылы ұя» оңалту орталығының домбырашылар ансамблі күйден шашу шашты.
Іс-шара соңында балалардың көрсеткен өнерлеріне алғыс айтып, сыйлықтар тапсырылды. Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын, ақ мол болсын, әр адамның арманы мен мақсаты орындалсын. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын!
Шараға барлығы 58 оқырман қатысты
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері