News & Events
«Казақ киносының классигі» Мажит Бегалин
- 21.02.2022
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
«Казақ киносының классигі»
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 21 ақпан күні онлайн форматта қазақ өнеріндегі ұлы тұлғалардың бірі аса көрнекті кинорежиссер, Қазақ ССР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Александр Петрович Довженко атындағы сыйлықтың лауреаты, КСРО кинематографистер одағының мүшесі Мәжит Сапарғалиұлы Бегалиннің биыл туғанына 100 жыл толуына орай, өмірі мен шығармашылығына арналған «Казақ киносының классигі» атты дауыстап оқу сағаты өтті.
Іс-шараның мақсаты: Қазақ киносының алыбы, киноөнер майталманын тағы да бір еске алып, оның қазақ мәдениетіне, қазақ өнеріне, ел дамуына қосқан үлесін айшықтау. Ең бастысы, бүгінгі ұрпаққа сол буын өкілінің ерекшелігін, таланты мен танымын паш ету.
Мәжит Сапарғалиұлы Бегалин ұлттық киноның дамуына сүбелі үлес қосты. Кешегі алыптар шоғырында Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаевтармен бірге классикалық дүниелер жасап, ұрпақ игілігіне қалдырды. Қазақ киносының ұлттық режиссура тұрғысынан алғандағы тарихы Шәкен Айманов шығармашылығынан басталса, кәсіби деңгейдегі режиссура тарихы Мәжит Бегалин фильмдерінен бастау алады. Мәжит — басқа режиссерлерге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән қолтаңбасы бар шеберлік иесі. Бұл ерекшелік оның түсірген барлық кинофильмдеріне тән еді. Ол ұсақ-түйек, жеңіл-желпі туындыларды түсіре салудан аулақ болды. Алдына үнемі зор міндет қойып, әлеуметтік маңызы бар тақырыптарға барды. Ол туған елі мен Отаны үшін от кешкен қаһарлы күндерде қайыспаған қаһармандарды асқақтықпен жырлап, биік өнерге қол созған ардагер азамат еді. Оның шығармашылығы өз дәуірінде-ақ жоғары бағаланып, түрлі марапаттармен аталып өтілді. 1981 жылы Мәжит Бегалин туралы деректі фильм түсірілген болатын. Фильмде Мәжит Бегалиннің өмірі, кинодағы қызметі, дүниеге әкелген фильмдерінің тарихы баяндалады. Сонымен қатар, қазір Мәжит Бегалиннің ата-баба жолы, туған жері, өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертетін «Мәжит Бегалин» атты 2008 жылы жарық көрген — естелік кітап бар. Режиссер шығармашылығының мазмұндық сипаты мен өзіндік ерекшелігі жайында толғанар болсақ, Мәжит Бегалиннің әр туындысы жеке дара қарастыруға тұрарлық терең шығармалар. Уақыт өткен сайын бүгінгі күн сарабымен Мәжит Бегалин фильмдерінің терең мазмұнды, құнды шығармалар екендігіне көз жеткізуге болады. Қазақ киносы тарихында кәсіби деңгейдегі ұлттық режиссура мектебін қалыптастырған алғашқы режиссерлардың бірі Мәжит Бегалиннің шығармашылығы бүгінгі күн көзқарасымен жаңа кезең режиссурасына жол салған күрделі құбылыс деп айтуға болады.
Момбекова Н.А.
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері