News & Events
«Аңызға айналған әнші Роза»
2021 жылдың 23 қараша күні ЮНЕСКО (Біріккен Ұлттар Ұйымының 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен тілтанушы, әдебиетші Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы және әнші Роза Бағланованың 100 жылдығы енді, деп хабарлайды ҚР СІМ (Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің) баспасөз қызметі. Осыған орай Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 27 қаңтар күні онлайн форматта әнші, Қазақстан мен КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жасқа толуына арналған «Аңызға айналған әнші Роза» атты әдеби-сазды іс-шара өтті. Өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкерлері Жұмағалиева Ж.Ж. қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған тарихи тұлғаны еске алуға арналған кеште Роза Бағланованың өмірбаянын қазақ тілінде, Макшпаева М.С. орыс тілінде дауыстап оқыды. Шара барысында «Ақмаңдайлым», «Ах, Самара-городок» әндерін кітапхана оқырманы, «Армандастар» вокалды ансамблінің және «Өнер бұлағы» қоғамдық қорының жетекшісі Батима Сағынғалиқызы Полищук оқырмандар назарына ұсынды.
Іс-шараның мақсаты: қазақтың бұлбұл әншісі Роза Тәжібайқызының ұлттық ән өнерін дамытуға қосқан үлкен үлесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, оның есімін мәңгі сақтау.
Даржанова Г.Т.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің меңгерушісі