News & Events
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ЖОБАсы қорытындыланды
- 22.11.2021
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар Мақалалар мен сұхбаттар
Захра Маханова,
«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған
республикалық кітапхана» РММ директорының кеңесшісі
Алматы қаласы,
Бөгенбай батыр көшесі, 214 үй
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ЖОБАсы қорытындыланды
Республикадағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалары «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» тақырыбындағы ЖОБАсын қорытындылады.
Қорытынды шара 2021 жылдың 17 қараша күні, Еліміздегі арнайы кітапханалар басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен Жамбыл облысы Мерке ауданы, «Меркі radon» шипажайында офлайн режимде өтті. Шараны Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана (әрі қарай, республикалық кітапхана) ұжымы республика көлемінде, сұқбат алаңы ретінде ұйымдастырды. Өткізу мекен-жайы бойынша атсалысқан, жасыл жолақ аймағындағы, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы басшылығы.
Кітап оқу, кітапқа деген қызығушылықты арттыру, халқымыздың рухани мұрасын сақтау мақсатында Қазақстанда республикалық «Бір ел — бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен қолға алынған болатын.
Атаулы жоба АҚШ-та «Бір кітап – бір Чикаго» деген бастаманың ережесіне негізделген. Шартқа сәйкес, қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқып, оны қоғамдық орындарда талқылап, өз ойын айтуға міндетті. Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы басқа да атаулармен, әлемде кеңінен тараған.
Біздің елде 2007 жылы Абайдың «Қара сөздерінен» басталды. Жыл сайын акция аясында еліміздің барлық кітапханаларында көптеген іс-шаралар мен кітап көрмелері ұйымдастырылып, шара барысында таңдаулы авторлар және олардың шығармалары туралы ақпарат оқырмандар назарына ұсынылып келеді. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің туындыларын тиісінше оқып, зерделеп, талқылауда өткір қажеттілік туындады.
Бұл жоба Елімізде жылдан-жылға, белсенді түрде жүзеге асып келеді.
Биылғы жылы «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ұранымен, аталмыш акция шеңберінде танымал қазақстандық авторлардың поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы 30 үздік шығармасы жалпыхалықтық оқуға іріктелді. Үздік шығарманы анықтауға Еліміздегі барлық кітапханалар жүйесі атсалысты.
Акция аясында ел болып оқитын кітаптар ата-баба дәстүріне мән беріп, жан тазалығын, шынайы қасиеттерді бағалап, татулық пен өзара құрметті арттыруға бағыттайды.
Елімізде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған жалпы саны 17 арнайы кітапхана жұмыс істейді. Жыл басында, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана — әдістемелік орталық ретінде, арнайы кітапханалар шеңберінде, ерекше оқырмандардың кітап оқуын қолдау мақсатында «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» ЖОБАсын әзірледі.
ЖОБАның басты мақсаты — зағип және нашар көретін оқырмандардың оқу сауаттылығын арттыру, заманауи қоғамдағы табысты, бәсекеге қабілетті және заманауи қоғамда өзара іс-қимыл жасай білетін тұлғаны қалыптастыру.
Республикалық кітапхана өңірдегі арнайы кітапханалар басшыларымен келісе отырып, акция барысындағы кітаптарды өзара бөліп алып, зағип жандарға қолжетімді нүктелі-бедерлі Брайль қаріпінде (БНҚ) және MP3 аудионұсқада басып шығаруды басшылыққа алды.
Жыл ағымында, аталған нұсқалардағы кітаптар бірыңғай стандартта шығарылып, арнайы кітапханалар өзара «word» нұсқасымен бөлісті. ЖОБАда акция шеңберінде ұсынылған 30 кітаптың бәрі қамтылды.
Республикалық кітапхана әзірлеген ЖОБА барлық арнайы кітапхана басшыларының тарапынан қолдау тапты.
Қорытынды шарада, арнайы кітапханалардың зағип жандарға қолжетімді нұсқада шығарған басылымдарынан жасақталған кітап көрмесі, сұқбат алаңының төрінен орын алды. Шара барысында әр кітапхана тарапынан, шығарма және шығарманың авторы жайындағы дайындалған бейнероликтер тамашаланды. Жалпы бұл ортақ іс болғандықтан, арнайы кітапхана өкілдері, кітап шығару барысында келеңсіз жағдайлармен өзара бөлісіп, пікіралмасу орын алды.
Кітаптар бірыңғай стандартқа сай жасалды ма, кімде қандай мәселелер туындады, қандай кедергілерге тап болды деген сияқты сұрақтарға жауап беру үшін «ЗНКААРК» РММ-сінің «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінің нүктелі-бедерлі кітаптар корректоры, арнайы маман — Лоншакова Лукерья Сергеевна «Нүктелі-бедерлі Брайль қаріпіндегі кітапты қалай дұрыс шығару керек?» деген тақырыпта дәріс оқыды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Кітаптардың дайын болған «word» нұсқасымен арнайы кітапханалар өзара алмасып, жыл аяғында жұмыла жасаған еңбегіміздің нәтижесі әрбір арнайы кітапхананың кітап сөресінен орын алып, кітап қоры 30 атауға толығатынына сенімдеміз.
Көпшілік кітапханалар жыл кітабын оқып, шара өткізумен ғана шектелсе, зағип және нашар көретін ерекше жандарға қызмет көрсететін арнайы кітапханалар шығарманы оқырманға қолжетімді ету жолында қанша еңбек етіп, тер төгеді…
Белгілі ақын-жазушылардың шығармаларын ерекше оқырмандарға Брайль жүйесінде ұсыну және аудиоөнімдер арқылы насихаттау алдағы уақытта жалғасын табатынына күмәніміз жоқ. Аталмыш шараны, келесі жылы Түркістан өңірінде өткізуге, Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы – Нұрманбетов Бәкір Әбдіұлы ұсыныс жасады.