News & Events
«Ашық есік күндері»
2021 жылы қазан айының 19-21 жұлдызы аралығында «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ «ЗНКААРК» РММ-ге 50 жыл және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жыл сайынғы дәстүрлі шара «Ашық есік күндерін» өткізді.
Шараның мақсаты: келушілерді кітапхана қызметімен таныстыру, зағип қызметкерлердің жұмыс орындарын көрсету, кітапханаға жаңа оқырмандарды тарту.
Ашық есік күндері кітапханаға «Жоғары медициналық колледжі» студенттері, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Кітапхана ісі» мамандығының студенттері, Алматы технологиялық университеті, Алматы индустриалды колледжі (АИК), Евразия технологиялық университеті, Қазақтың спорт және туризм академиясы, Алматы менеджмент университеті, Қаскелең мәдениет колледжінің студенттері мен мұғалімдері және жоғары оқу орындары кітапханаларының кітапханашылары келіп қатысты.
Өткізіліп отырған ашық есік күндері «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында дайындалған «Қазақстан Республикасының ескерткіштерінің тарихы және мәдениеті тактильді кітапта», Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына — 30 кітап» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге таныстырылды. Қазақ соқырлар қоғамының қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен, ерен еңбегі бар, тұғырлы тұлға, біртуар азамат С. Х. Өтегеновтің 100 жылдығына орай жасалған «Өтегенов өнегесі» атты деректі фильмі көрсетілді.
Кітапхана бойынша бөлімдерге экскурсия жасалынып, оңалту кабинетінде тифлоқұралдармен, «Біздің басылымдар» атты кітап көрмесімен, дыбыс жазу студиясы жұмысы барысымен және зағип мамандардың жұмыс орындарымен (тифлокомплек), өнер және спорт әдебиеттері бөліміндегі DVD – караоке, күйтабақ ойнататын құрал, домбыра, баян, фортепиано аспаптары, түрлі магнитофондар, зағип жандарға арналған бедерлі шахмат, дойбы тастарымен және тоғызқұмалақ интеллектуалды ойындарымен танысты. Шараға барлығы 102 адам қатысты.
А.С. Рахимжанова,
кітапхана ісін дамыту,
библиография және тифлология бөлімі