News & Events
Еліміздегі арнайы кітапханалар Жас кітапханашыларының III республикалық Слеті өтті
- 17.09.2021
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Еліміздегі арнайы кітапханалар Жас кітапханашыларының III республикалық Слеті өтті
2021 жылдың 14-15 қыркүйек күндері «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-сі (әрі қарай, «ЗНКААРК» РММ) «Тәуелсіздікке 30 жыл: «ЗНКААРК» РММ және аймақтағы арнайы кітапханалардың даму жолдары» тақырыбында ҚР арнайы кітапханалары Жас кітапханашыларының III Слетін өткізді.
Елбасының 2018 жылғы 13 қарашадағы № 784 Жарлығымен 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы аясында алғаш рет I республикалық Cлет ұйымдастырылды. Содан бері аталған шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілуде. Соңғы 2 жылда пандемия жағдайына байланысты онлайн режимге көшіп, Zoom платформасында өтуде. Биыл, жас мамандар үшінші рет бас қосуда.
Биылғы Слет Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «ЗНКААРК» РММ-сінің 50 жылдық мерейтойына негізделді.
Слет онлайн форматта Zoom платформасында екі күнге жоспарланды.
Республикалық III Слетті «ЗНКААРК» РММ-нің директоры Асхат Байұзақов ашып, қонақтарға деген алғысын білдіріп, Слеттің күн тәртібін таныстырды. Слеттің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен Мәдениет комитетінің музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы – Пазылова Гүлзейнеп Анафияқызы, Москва қаласынан, педагогика ғылымдарының докторы, Ресей мемлекеттік зағип азаматтарға арналған кітапханасының директоры — Захарова Елена Васильевна, Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігінің зағиптар мен саңырауларға арналған республикалық арнайы кітапханасының директоры — Исмаилов Джумабай Дуйшеналиевич, Новосібір облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының директоры — Лесневский Юрий Юрьевич, Саха (Якутия) «Республикалық зағиптар кітапханасы» мемлекеттік қоғамдық мекемесінің директоры — Никитина Айталина Семеновна, Санкт-Петербург мемлекеттік зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы орталық кітапханасы, Даму бөлімінің жетекші әдіскері — Михаил Васильевич Назаровтар құттықтау сөз алып, сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, арнайы кітапхана мен кітапханашының қоғамдағы рөліне қатысты маңызды жәйттарға тоқталып, осындай арнайы кітапхана саласына қатысты ұйымдастырылып отырған ауқымды шараға қатысқандарын зор қуанышпен жеткізді.
Зағип жандарға қызмет көрсететін арнайы кітапханалардың көбеюі еліміздің интеллектуалды деңгейінің артуына зор ықпал ететіні, заманауи технологиялар ғасырында әдеби мұрамызды сақтап қалу, нүктелі-бедерлі қаріптегі басылымдардың санын сапалы түрде арттыру, осы баспа өнімдерінің сыры мен сынын бұзбай келешек ұрпаққа жеткізу осы шараның басты тақырыбына айналды.
Слет аясында келесі шаралар өткізілді:
- «Арнайы кітапханалардың дамуындағы жаңа үрдістер» тақырыбында Халықаралық онлайн конференция;
- ҚР арнайы кітапханаларының жас мамандарына арналған, «Ақпараттық қоғам және мүмкіндігі шектеулі азаматтар: халықаралық құқықта, заңнамада және тәжірибеде интернет-контенттің қолжетімділігі» халықаралық онлайн вебинары.
Слет шеңберіндегі шараларға республикамыздағы 17 арнайы республикалық, облыстық, қалалық кітапханалары мен кітапхана бөлімдерінің басшылары мен жас кітапханашылары, Ресей Федерациясының: Москва, Санкт-Петербург қалаларындағы, Белоруссия, Башқұртстан, Татарстан, Саха мемлекеттеріндегі және Қырғызстан мемлекетінің зағип және саңырау жандарға арналған арнайы кітапханасы қызметкерлері, Жоғары оқу орын кітапханаларының және Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
ҚР зағип жандарға арналған арнайы кітапханалар Жас кітапханашыларының III Cлеті: «ЗНКААРК» РММ-нің оқырмандарды ақпаратпен, біліммен, мәдени құндылықтармен қамтамасыз ету жолындағы даму сатысын айқындау; жас кітапханашылардың мамандыққа деген сүйіспеншілігін арттыру; жұмыстың жаңа түрлері мен әдістерін енгізу; кітапхана мен қызметкерлердің имиджін нығайту; кітапханалық кәсіби жастар қоғамын қалыптастырып, оны дамытуға, тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыру; зағип ақындардың ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу; еліміздегі зағип жандарға арналған бедерлі-нүктелі қаріптегі басылымдардың шектеулі шығарылуы жағдайында, қол жетімді форматтағы басылымдарды және тактильді кітаптарды шығаруда, арнайы кітапханалар қызметіне назар аудару мақсатында өткізілді.
Слет аясында өтетін шараларға республикамыздағы облыстық, қалалық арнайы кітапханалары, Орталықтандырылған кітапханалардың арнайы бөлімдері басшылары мен 35 жас аралығындағы (35 жастағы) қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үкіметтік емес ұйымдары, ТМД елдерінің арнайы кітапханаларының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Шара басталғанда Т.Қ. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы экрандық өнер режиссурасы кафедрасының оқытушысы – Дүйсебаев Асқар Тұрарұлының Кітапхананың мерейтойына тарту еткен: «50 жылдық ғұмыры бар «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ» деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.
«Арнайы кітапханалардың дамуындағы жаңа үрдістер» тақырыбындағы Халықаралық онлайн конференцияға қатысқан қазақстандық жас мамандар:
- «ЗНКААРК» РММ-сінің жас маманы — Сайра Әділбекқызы Миажден;
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi ғылыми кiтапханасының инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының меңгерушісі — Жyaшбaeвa Гyлһaя Бaбaxaнкызы;
- Павлодар облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасынан — Смирнова Татьяна Ивановна;
- «Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы» КММ-сінен — Тусупбаева Макпал Жанатқызы;
- Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы бөлімінің тифлопедагогы — Тастанбекова Гүлжанат Тастанбекқызы;
- С. Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінен — Нұрланов Рауан Әуесбекұлы;
- «Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы» КММ Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі — Бекетаева Айгерим Умирбаевна;
- Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасынан — Салауатова Айша Талғатқызы;
- және «Әлеуметтік инновациялар мен технологияларды дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы — Оразбаева Сәуле Күйшібайқызы қатысып, төмендегі:
- «Арнайы кітапханалардың дамуындағы жаңа үрдістер»;
- «Инклюзивті білім беру жаңа мүмкүндіктерге жол…»;
- «Аудиокітап — мекемеаралық қатынас орнататын көпір»;
- «Қазіргі арнайы кітапхананың әлеуметтік-мәдени білім беру оңалту қызметі»;
- «Тең құқықтар және тең мүмкіндіктер: жаңа технологиялар дәуіріндегі зағип оқырмандарға ақпараттық қызмет көрсету және ақпараттық ресурстар»;
- «Тәуелсіздік тарту еткен арнаулы кітапхана асулары»;
- «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл және аймақтық арнайы кітапханалардың даму жолдары»;
- «Ұлттық тілдерде кітап қорларын ұйымдастыру, сақтау және тарату»;
- «Зағип және нашар көретін балаларға арналған кітаптар шығарудағы жаңалықтар» тақырыптарда баяндамалар жасады.
Слетке ТМД елдеріндегі әріптестеріміз де өз үлестерін қосты. Атап айтсақ:
- Санкт-Петербург мемлекеттік зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы орталық кітапханасының Даму бөлімінің әдіскері — Никитина Вера Константиновна: «Укрепление межнационального согласия: опыт СПб ГБУК ГСЦБС»;
- Саха (Якутия) «Республикалық зағиптар кітапханасы» мемлекеттік қоғамдық мекемесінің репродукция және арнайы технологиялар бөлімінің меңгерушісі — Макаров Герман Максимович: «Организация, хранение и распространение фондов литературы на национальных языках» тақырыптарында баяндамалар оқыды.
Екі күнге жоспарланған Слет аясында саланың шешілуге тиісті көптеген мәселелері назарға алынып, арнайы кітапхана желісінің сапалы адами капиталды қалыптастырудағы және қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі мен орны, кітапхана саласын дамыту, цифрландыру жүйесіндегі кітапханалар, арнайы кітапханаларды сандық ортаға интеграциялау және заманауи форматта дамыту сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.
Шара барысында 12 баяндама тыңдалып, Халықаралық конференция қорытындысы бойынша резолюцияның жобасы оқылды. Бұл құжат жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатында, өңірдегі кітапхана өкілдеріне жолданды.
Слеттің екінші күні «Ақпараттық қоғам және мүмкіндігі шектеулі азаматтар: халықаралық құқықта, заңнамада және тәжірибеде интернет-контенттің қолжетімділігі» тақырыбында Халықаралық онлайн вебинар өтті.
Вебинарды Назарбаев Университетінің (НУ) көмекші технологиялар мен ақпараттық қолжетімділік жөніндегі сарапшы менеджері — Зият Нұрланұлы Әбдіқайымов жүргізді. Шара барысында спикер мына сұрақтарға жауап берді:
- Веб -сайт пен қосымшаның қол жетімділігі дегеніміз не?
- Ақпаратқа қол жеткізу халықаралық құқықпен қалай реттеледі?
- Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция және зағип жандар үшін интернет қаншалықты қолжетімді?
- Әлемде Интернетке қол жетімділіктің техникалық реттелуі қандай деңгейде? Бұл мәселемен қандай ұйымдар / органдар айналысады?
- Қазақстанның әлеуметтік қорғау, ақпараттандыру саласындағы заңнамасы, сондай-ақ цифрландыру жөніндегі мемлекеттік саясат, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін интернет-ресурстардың қолжетімділігін қаншалықты ескереді?
- Қазақстанда интернетке қол жетімділік іс жүзінде қалай қамтамасыз етілген? Мысалы, Egov мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қол жетімді ме?
- Зағип және нашар көретін жандарға арналған Egov туралы арнайы нұсқа бар ма?
Вебинар, арнайы кітапхана өкілдері мен оқырмандары үшін өте пайдалы ақпараттарға толы болды. Жыл аяғына дейін осы тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастыруды жоспарға алынды.
Шара соңында «ЗНКААРК» РММ-нің 50 жылдығына орай өткізілген «Шабыттың бұлағы» — «Источник вдохновения» атты зағип ақындар қатысқан республикалық байқауының жүлдегерлері марапатталды.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» тақырыбымен кітап көрмесі жасақталды. Көрмеге, тақырып аясындағы «ЗНКААРК» РММ жасаған ЖОБА бойынша республикадағы арнайы кітапханалар шығарған МР3 аудиоформаттағы және БНҚ кітаптардан көрме жасақталды.
Кітапханалардың өміршең болуы білімді, жарқын келешектің келбетінің жарқын көрінісі, кітапхананың жаһандану ғасырында мәдени орталық мәртебесін сақтауына қоғамның қосар үлесі зор.
«ЗНКААРК» РММ-нің директоры Асхат Байұзақов сөз сөйлеп Слет жұмысын қорытындылады. Барша Слетке қатысушыларға үлкен алғысын білдіре отырып, еңбектеріне зор табыс, шығармашылық ізденістер мен сәттіліктер тіледі.
Захра Маханова,
«ЗНКААРК» РММ-нің директор кеңесшісі