News & Events
Тәуелсіздік тарту еткен арнаулы кітапхана асулары
- 15.09.2021
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Тәуелсіздік тарту еткен арнаулы кітапхана асулары
(баяндама)
Салауатова Айша Талғатқызы
Батыс Қазақстан облыстық зағип
және нашар көретін азаматтарға
арналған арнаулы кітапханасының
кітапханашысы
Қайырлы күн, құрметті әріптестер!
Мен, Жастар слетына алғашқы рет қатысып отырмын және осындай мүмкіндікке ие болғаныма өте қуаныштымын. Бүгінгі баяндамамның тақырыбы: «Тәуелсіздік тарту еткен арнаулы кітапхана асулары».
Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев: «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші» — дегендей, биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі жарқыратып, еліміздің болашағын баянды ету жастардың еншісінде деп ойлаймын. Жас кітапханашылардың басын қосқан бүгінгі шара сәтті өтсін дей отырып, тәуелсіздік жылдарында кітапханамызда атқарылған жұмыстар мен жетістіктері туралы айтып өтпекпін.
Тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігіміздің бірі — кітапханамыз арнайы заманауи технологиялармен жабдықталып, компьютер сыныбы ашылған алғашқы кітапханалардың бірі. Кітапханада көз мүгедектігі бар пайдаланушыларға арналған 3 автоматтандырылған жұмыс орны қамтамасыз етілген және электронды түрде әдебиеттерді дыбыстандыратын Дыбыс жазу студиясы жұмыс жасайды.
Мен Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасында 2012 жылдан бері Толықтыру және өңдеу бөлімінде жұмыс жасап келе жатқан жас маманмын. Негізгі қызметім — зағип оқырмандарды кітап оқуға тарту, брайль қарпінде бюллетеньдер дайындап, жаңа кітаптардың карточкаларын шығару болып табылады. Сонымен қатар кітапханадан шығатын «Луч» ақпараттық газетін шығаруға атсалысамын. «Брайлист» және «Қадыр әлемі» үйірмелеріне жетекшілік етемін. Қызметім өзіме ұнайды, сондықтан үнемі кітапханада өтетін барлық шараларға белсенділікпен қатысамын.
Кітапханамызда көз мүгедектігі бар жандарды тең құқылы түрде ақпаратпен қамтамасыз етіп, мәдени-рухани демалыстарын ұйымдастыруда түрлі шаралар, жобалар жүзеге асырылып келеді.
Оқырмандар игілігі үшін жүзеге асырылған: «Шекарасыз кино әлемі-тифлокино», «Тактильді кітап зағип және нашар көретін балаларға»,«Туған өлкем-тұғырым» ақпараттық жобаларын да атап өтуге болады.
Қазіргі пандемия жағдайында бұл шаралар онлайн режимде өз жалғасын табуда.
Еліміздің және көршілес РФ-ның арнаулы кітапханаларымен тығыз ынтымақтастық орнатып, жұмыстану үстіндеміз.
Тәуелсіздік жылдарында 2019 жылы халықаралық денгейде бірінші рет «Кітапхана достарын шақырады!» атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Іс-шараға республиканың облыстық, қалалық арнайы кітапханаларымен қоса Саратов, Самара облыстық зағиптарға арналған арнайы кітапханалары қатысты.
2021 жылы кітапхана Ресей мемлекеттік зағиптарға арналған мемлекеттік арнаулы кітапханасы /Мәскеу қ./, Санкт-Петербург мемлекеттік арнаулы кітапханасы, Саратов және Самара облыстық арнаулы кітапханаларымен Меморандум жасалып, қызметтер атқарылып жатыр. Осы келісім аясында Саратов облыстық арнаулы кітапханасымен бірлесіп өте әсерлі «Наурыз — көктем мейрамы» — «Наурыз – праздник весны» мерекелік телекөпір оздырылса, Самара облыстық арнаулы кітапханасымен Ғарышкерлер күні қарсаңында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшуының 30 жылдығына арналған «Ғарыш Достастығы» онлайн шарасы өткізілді.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Zoom платформасында кітапханамыздағы «Ақжайық» зияткерлік клубының жастар командасы және Қызылорда облысының арнаулы кітапханасының «Ақмешіт» жастар командаларының қатысуымен «30 years of history» зияткерлік ойыны аса тартысты өтті.
Кітапханамыз, әлбетте, білімді, белсенді жастарды қолдауға ерекше көңіл бөліп отырады. Түрлі байқаулардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарымен кездесу кештері ұйымдастырылады. Кітапханамыздың жас оқырмандары өте белсенді. Сондай жастың бірі — Мержан Мырзашев. Ол жуырда ғана Азия, Қазақстан чемпионаттарынан қолкүресі бойынша ІІ орынға ие боп қайтқан болатын.
Белсенді жастардан құралған «Жалынды жастар» клубының мүшелері «AQJAIYQ» телеарнасы «Күншуақ» бағдарламасында, жергілікті радиода арнайы бағдарлама қонағы боп қатысып қайтты.
Биылғы Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына орай мүмкіндігі шектеулі балалардың кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Алма сөресі» эстафетасы жарияланып, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстанатын аудандық кітапханалар арасында өз жалғасын табуда.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасына сәйкес Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы бойынша тізімге өңірімізден 6 нысан енген болатын. Кітапханамызда аталмыш бағдарламаға орай, «Ақжайық өңірінің киелі жерлері туралы көпформаттық басылымдары» жобасы қолға алынды.
Жалпы, кітапханамыз қашан да зағип ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттауға зор көңіл бөліп, шығармаларын бедерлі-нүктелі қаріп түрінде шығарып, оқырмандар назарына ұсынады.
Биылғы жыл бастау алған «Өнерде өрге жүзгендер» кітапханалық жобасы бойынша өнер әлемінде жүрген өлкеміздің белгілі тұлғаларымен сұхбат жүргізіліп, өнерлерін насихаттап отырамыз. Сұхбатты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын, әнші, Қазақ зағиптар қоғамының құрметті мүшесі Қатимолла Бердіғалиев жүргізеді.
Сонымен қатар кітапханамыз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы жариялаған «Әдеби марафонға» белсене қатысуда. Марафон аясында «Татарская литература» бағытында ақын Ғ.Тоқайдың 130 жылдығына «Творчество длиною в жизнь» шарасы өтсе, «Белорусская литература» бағытында «Золотой век белорусских писателей» әдеби панорама ұйымдастырылды. Марафон жыл соңына дейін жалғасатын болады. Тәуелсіздік жылдарында қолға алынған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында кітапханамыз «Бірге кітап оқиық» кітаппен селфи акциясын жариялап, акцияға аудандық кітапханалар белсене қатысты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірлескен «Адалдық жобасын» қолдау мақсатында кітапханамызда «Парасат жолы» бұрышы ашылды.
Кітапханамыз халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Соның бірі — «Рухани қазына -2019″ фестивалінде «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасы» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болса, биыл Мәдениет пен білім дамыту «Өрлеу» қоры ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының үздік кітапханасы» атты онлайн байқауында «Арнайы номинация» бойынша І орынға ие болды.
Халқымыздың мәдени өмірінің дамуына үлес қосар Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы да өз оқырмандарының еш кедергісіз ақпарат алуы үшін қашан да аянбай еңбек етуге, әлемге танылып, жаһанға жар болған қазақ елінің тәуелсіздік тұғырын одан әрі жарқыратуға үлес қосуға дайын. Өйткені кітапхана- мәдениет ошағы, білім мен тәрбиенің, парасаттылық пен өркенеиеттің бастауы.
Еліміздің тәуелсіздігі баянды, кітапханаларымыздың ісі өнікті болсын!