News & Events
Инклюзивті білім беру – жаңа мүмкіндіктерге жол
- 15.09.2021
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Жуашбаева Гүлhая Бабаханқызы доклады
Инклюзивті білім беру – жаңа мүмкіндіктерге жол
Бүгінде инклюзия және инклюзивті білім беру туралы жиі айтылады. Ол жөнінде ғалымдар бас қосқан алқалы жиындарда, ғылыми тәжірибелік конференцияларда өзекті мәселелер талқыланып жүргенінен де хабардармыз. Өйткені, мүгедек және кемтар, дамуында шектеу бар жандар бар. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап, жалпы білім беретін мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді жаппай енгізуді, әрі бұл істі тездетуді уақыттың өзі талап етуде. Түсінікті болуы үшін инклюзия деген не, ол қайдан пайда болды, артықшылығы қандай, соған тоқталсам. Инклюзив – сөзі латын тілінен аударғанда «өзімді қосқанда» ал, ағылшын тілінде «араластырамын» деген мағынаны білдіреді. Ал, инклюзивті білім беру дегеніміз – жынысқа, жас ерекшеліктеріне, географиялық тұратын жеріне, қимыл-қозғалыстық және ақыл-есінің жағдайына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, сапалы білім алу және өздерінің потенциалдық дамыту мүмкіндігіне ие болу дегенді білдіреді. Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы мүмкіндігі шектелген жандарға өмірге белсене қатысуға мүмкіндік береді. Осы ретте айтып өтейін бұл бағдарлама БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвенциясында 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілген болатын.
Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылдары АҚШ пен Еуропа елдері өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Біздің елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы ресми деректері бойынша республикамызда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілді. 2020 жылға қарай оқу орындары мүгедек балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен арнайы парталар, арнайы үстелдер және басқа да компенсаторлық құралдармен жарақтандыру арқылы «кедергісіз аймақтар» құрылады делінген. Біз сөзбен айтқанда инклюзивті оқыту – мүмкіндігі шектеулі жандардың 12 мүшесі сау адамдармен бірге олардың әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы бірлескен оқыту түрі.
Елбасы, тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге қажет. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз. Білім беру мекемесінің ортасы денсаулығының мүмкіндігі шектеулі балалардың қажеттілігіне бейімделуі тиіс, «кедергісіз» болуы керек, өйткені мүгедек балалардың толыққанды кірігуін қамтамасыз етуі қажет» деген болатын. Соңғы жылдары арнаулы білім жүйесінде мүмкіндігі шектеулі жандарды сапалы біліммен қамту өзекті мәселенің біріне айналды.
Жалпы инклюзивті білім беру – мүміндігі шектеулі адамдарды оқытып-үйретудін бір формасы. Нағыз инклюзия білім берудің 2 жүйесін: жалпы және арнаулы жүйелерді бір-біріне қарама-қайшы қоймай, қайта жақындатады. Осы ретте 2019 жылы 24-қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығы ашылды. Аталған орталықтың негізгі мақсат-міндеті – барлығына бірдей кедергісіз ортада арнайы қажеттілікті талап ететін мүмкіндігі шектеулі білім алушыларға барынша ақпараттық қолдау жасау. Ерекше бөлім, яғни инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығы жоғарғы оқу орнының білім алушылары зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы мобильді сервистік қосымшалары бар электрондық ресурстарды, бұған қоса Брайль шрифтімен жазылған кітаптарды және Брайль бедерлі-нүкте қаріпін оқу мен жазу техникасы бойынша курстарды, әртүрлі ғылым салалары қамтылған медиатеканы және басқа да түрлі консультациялар ұсынады. Біз сөз етіп отырған орталықты қолдау мақсатында республикалық зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана Брайль қаріпіндегі кітаптар мен 100-ден астам аудио кітаппен қамтамасыз етті. Орталықтың тұрақты дамуына үлес қосу үшін әр түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асырылуда. Материалдық-техникалық базаны дамыту және орталықтың қызметтері мен ресурстарын одан әрі кеңейту үшін алдағы уақытта ұлттық және халықаралық қорлардың гранттарына қатысу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, инклюзивті орталық мүмкіндігі шектеулі жандарды моральді және материалды тұрғыда қолдауға бағытталған түрлі шараларды ұйымдастырады. Мәселен, қайырымдылық кештер, кез келген кедергілерге қарамастан айналасын таңқалдырып жүріп, үлкен жетістіктерге жеткен ерекше тұлғалармен кездесулер, психологиялық және мотивациялық шеберлік сабақтары, түрлі оқу тренингтерін өткізіп тұрады. Әрине әлемді жайлаған індет салдарынан 80 пайыз онлайн форматқа ауысқандықтан, білімгерлер қашықтықтан оқытылып жатқандықтан аталған барлық шара онлайн форматта жүзеге асырылды. Инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығы ақпараттық, ғылыми-педагогикалық, материалды-техникалық және басқа да қызметтер мен ресурстарды үйлестіру жолымен білім беру орталықтарына инклюзияны ендіруді бағытталған білім беру ұйымының құрылымдық бөлімшесі екені мәлім. Осы орталықтардың мақсаты ол – әрине арнайы қажеттілікті талап ететін жандарға қайырымдылық шаралар ұйымдастыру, зағип және нашар көретін азаматтарға дыбыстық бағдарламаның көмегімен компьютермен жұмыс істеуді үйрету, университет білім алушыларына психологиялық және ақпараттық көмек көрсету, зағип және нашар көретін азаматтарға Брайль қаріпін танып жазуына көмектесу және арнайы қажеттілікті талап ететін жандарға барынша қолжетімді орта қалыптастыру. Инклюзивті орталықтың білім алушылары үшін арнайы бейімделген жүйесі бар ЭКЖ «Лань», ЭКЖ «IPR Books», ЭКЖ «Консультант студента» атты деректер қоры бар. Бұл электрондық ресурстар, әсіресе, арнайы қажеттілікті талап ететін мүмкіндігі шектеулі магистрант болсын, докторант болсын немесе соңғы курс оқып жатқан студенттерге маңызы жоғары. Өйткені қашықтықтан оқыту кезінде де білім алушы өзіне электронды нұсқадағы барлық тиісті материалдарды жүктеп, үйде отырып-ақ онлайн форматта жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады. Ал жұмыс барысында қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда инклюзивті орталықтың қызметкерлері барынша түсіндіріп, сұрақтарға жауап береді.
Бүгінде Еуразия ұлттық университетінде арнайы қажеттілікті талап ететін мүмкіндігі шектеулі 123 білім алушы бар. Оның ішінде 1 докторант, 9 магистрант, 113 студент. 35-тен астамы үйінде білім алушылар. Орталық қашықтықтан оқыту жағдайында осы білім алушыларға WhatsApp мессенджері арқылы жеке және топтық онлайн консультацияларды үзбей жүргізіп, психологиялық қолдау және басқа да көмектер көрсетеді. Студенттер консультация барысында кітапхананың ресурстары мен қызметімен танысып, электронды кітапхана және де деректер қорымен қалай жұмыс істеу керектігін үйреніп, орталықпен үнемі байланыста.
Тағы бір ерекше айтып өтетін жайт студенттер тарапынан кітапханадан үйге кітап алдырту сұранысы күн сайын артып келеді. Студент орталыққа хабарласып, өзіне керек оқулығына тапсырыс береді. Тапсырысты қабылдаған кітапхана қызметкерлері дер кезінде арнайы қажеттілікті талап ететін білім алушыға үйіне дейін жеткізіп береді. Бұл дегеніміз жеткізу қызметі де қарастырылған деген сөз. Кітаптың электронды нұсқасын сұрайтын білім алушыларға сол сәтте электронды каталогтан өздеріне қажетті кітаптардың электронды нұсқасын оқуға болатынын көрсетіп, түсіндіріп береміз.
Айта кетейін елімізде арнайы қажеттілікті талап ететін мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оқытатын, оның ішінде зағип жандарға білім беретін заманауи электронды жүйе енгізілмеген. Сондықтан арнайы база да жоқ. Осындай кедергілерді жою үшін арнайы аудиопрограммаларды көбейтсек деген мақсаттамын. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білікті педагогтар жұмыс істейді. Білікті мамандармен бірлесіп біздің орталық қызметкерлері бірлесіп ғылыми жұмыстарын, білім берудегі әдіснама-нұсқаулықтарын аудиотаспаға жазып шығаруды жүзеге асырмақ. Осы мақсатта аталған жұмысты атқаруға жастарды белсенділікке тәрбиелеу мен еңбекке баулу тұрғысынан университет қабырғасында оқып жүрген «журналистика» факультетінің студенттері жұмылдырылмақ. Орталық әр түрлі ақпарат тасығыштардағы оқу, оқу-әдістемелік, анықтамалық және ғылыми басылымдардың коллекцияларын дамытуды болжайды.
Жоғарыда атап өткенімдей Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мақсаттарының бірі – еліміздің барлық жоғары оқу орындарында арнайы білім беруді қажет ететін студенттер үшін инклюзивті жағдай жасау екені мәлім. Соған сәйкес, толыққанды инклюзивті қоғам құру, жігерлі орта қалыптастыру ерекше күтімді қажет ететін жандардың мәселелерін көрсетуде осындай орталықтың маңызы зор. Осыған орай орталық арнайы білім беруді талап ететін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұсыныстарын үкімет пен ел президентіне ашық хаттар арқылы жолдап, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақалалық материалдары жариялауда.
Абай атамыз айтпақшы «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың «жүректі кісі» дегені – батыр кісі дегені. Одан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі». Расында осындай игі істер арқылы көмекке мұқтаж қанша жарым жан адамдарға қол ұшымызды созып, білім алуына жағдай жасайтын едік.
Жуашбаева Гүлhая Бабаханқызы
инклюзивті ақпараттық
ресурстар орталығының координаторы