News & Events
«Домбыра – халқымыздың мұрасы» атты әдеби-сазды кеш
- 02.07.2021
- Posted by: RBNSG
- Category: Видеожаңалықтар Жаңалықтар
«Домбыра – халқымыздың мұрасы»
2021 жылдың 2 шілде күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімі кітапхананың әлеуметтік желілерінде онлайн-режимде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – халқымыздың мұрасы» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Әдеби-сазды кештің мақсаты: қазақтың аспаптық музыкасын терең түсінетін, құрметтейтін, өресі биік, халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін, ынта – ықыласын арттыру.
Шілденің алғашқы жексенбісін ұлттық аспабымыздың төл мерекесіне айналдыру туралы шешім ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы 12 маусымдағы № 699 Жарлығымен қабылданған болатын. Бұл Жарлық Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында шығарылған еді. Жалпы, Ұлттық домбыра күнінің мерекеге айналуы – көнеден жеткен асыл қазынамызға, ұлттық мұрамызға берілген лайықты баға.
Тарихи күннің салтанатты сәтінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қызметкері Мирас Қожахметовтың орындауында Мәлғаждар Әубәкіровтың «Талас» күйі, Сүйінбай атындағы 143 мектеп-лицейі оқушылары Смаил Рамазан Алибекұлының орындауында «Балбырауын», Бақтығали Нұрғали Айдосұлының орындауында «Көрұғлы» күйлері көрермен назарына ұсынылды. Іс-шара соңында өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің кітап қорында сақталған Қазанғап Тілепбергенұлы күйлерінен «Торы ат» атты күй домбырашы Сәдуақас Балмағамбетовтың орындауында музыкалық ойнатқыштың көмегімен тыңдалды.
Домбыра – ол қазақтың жаны, қазақтың көзі, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасырлық серігі болғаны тарихтан белгілі. Сондай-ақ, күй күмбезін көкке өрлеткен көненің көзі, тәңірдің құдіреті саналған. Домбыраның әуенімен қазақтың талай күйшілері, ақын-жыраулары мен сал-серілері музыка әлемінде жыр төгілтіп, күй шерткен. Осы орайда, белгілі ақын-жазушы Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген нақыл сөзі, бар қазақтың жүрегінде лүпілдеп соғып тұрғандай.
Даржанова Г.Т., өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі