News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасындағы балалар әдебиеті қорына шолу.
- 11.05.2021
- Posted by: RBNSG
- Category: Мақалалар мен сұхбаттар
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасындағы балалар әдебиеті қорына шолу
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқу мәселесінің маңыздылығын атап өтті және бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) 2021 жылды – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жариялауды ұсынды.
Бұл жылдың мақсаты – балаларды кішіпейілділікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке, адалдыққа, батырлыққа тәрбиелейтін балалар әдебиетін заман талабына сай дамыту.
Қоғамдық өмірде зағип балалар да басқа бүлдіршіндер секілді тең дәрежелі білім алуға, ақпарат алуға құқылы. Осы орай да мүмкіндігі шектеулі ересектермен қоса балаларды да білім нәрімен сусындатып қоймай, олардың өмірге, қоғамға бейімделуіне өз үлесін қосып келе жатқан Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасы кітап қорын балалар әдебиеті қорымен толықтыруда ауқымды жұмыстар атқарып келе жатыр. Ендеше, кітапхананың балалар әдебиеті қорына шолу жасап, бірқатар ертегілер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Бала тәрбиесінде балаға ертегі оқып беру, орасан зор мәнге ие. Сол үшін ата-ана бұл үрдіске өте жауапкершілікпен қарап және балаға ертегі оқудан бас тартпауы керек. Ертегі оқу баланың тәрбиесіне ерекше әсер етеді, ойлау, фантазиясын дамытуға, елестету және творчествалық бастамасының дамуына әсер етіп, сөздік қорын ұлғайтады. Психологияда ертегітерапия сияқты бағыт бар, оның негізгі идеясы бала өзін ертегінің бас кейіпкері ретінде санап, жаманнан жақсыны ажырату, қайрымдылықтан жауыздықты айыру болып табылады.
Осы орайда кітапханамызда балалар әдебиеті бойынша әр түрлі жанрда жарыққа шыққан бірнеше ертегілер топтамасы бар. Олар: «Зере әжейдің әңгімелері», «Волшебная птица», «Джек Бобовое Зерно», «Мальчик с пальчик», «Двенадцать месяцев», «Белоснежка и семь гномов», «Маленькая страна» және т.б.
Кітапханаға аталмыш кітаптардың бір бөлігі Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің шағын гранттар бағдарламасының қолдауымен «Әлеуметтік-инновациялық және технологияны дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі зағип балаларға «Ерекше балалар үшін ерекше кітаптар» жобасы аясында кітапханаға қазақ және орыс тілдерінде тарту етілген болатын. Кітаптарды шығаруда нүктелі-бедерлі мәтін мен авторлық иллюстрацияларды 3D пішімде басудың инновациялық әдісінде балалар өміріне қауіпсіз материалдар мен бояулар қолданылған. Замануи технология кітаптардың қолданыс мерзімін бес немесе одан да көп жылға ұзартуға мүмкіндік береді. Жоба ұйымдастырушылары көру қабілеті нашар және мүлде көрмейтін балалардың әлемді тануда көптеген қиындықтарға тап болатындығына да ерекше назар аударып отыр. Зағип балалар көрнекі заттар мен құбылыстардың табиғи болмысын тура қабылдай алмайды. Бұл балалардың даму ерекшеліктеріне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан да балалардың саусақ ұшымен әріптерді танып қана қоймай, 3D суреттермен безендірілген көркем шығарманың мазмұнын әсерленіп оқуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мұқтаж оқырмандардың зияткерлік қабілетін арттыра түсетіні сөзсіз. Кітаптарды дайындау кезінде Брайль шрифтін оқытуды жеңілдетуге арналған әдістер де қолданылған. Яғни, ертегілердің, сондай-ақ әңгімелердің кәсіби аудио жазбасы енгізіліп отыр. Дыбыстар қоршаған ортадағы құбылыстарды тануды, табиғат ерекшеліктері туралы толық түсінік қалыптастыруға ықпал етеді. Ертегілердің аудио нұсқасында берілген табиғат дыбыстары балалардың қиялын ұшқырлайды. Қиялдау арқылы бала қабілетін шыңдайды әрі өзін-өзі тануындағы ерекше қадамдар болмақ. Кітаптағы суреттерден шынайылықты, мейірімділік пен аңғалдықты аңғаруға болады. Әдемі, көркем суреттер ертегілер әлемін сол қалпында елестетуге көмектеседі.
«Зере әжейдің әңгімелері» кітаптар сериясы балаларға ертегілер әлемін тануға мүмкіндік береді. Әңгімелердің мазмұны түркі халықтарының ежелгі фольклорына негізделген. Түркілердің ғалам, ата-бабалардың адамгершілік бағдарлары, ежелгі ұғымдарының қазынасы Зере әженің ғажайып ертегілері арқылы қазақтардың ежелгі философиялық әлеміне жол тартады. Әңгіме мәдени құндылықтардың насихатшысы ретінде әже әңгімесінің арқауына негізделген. Мәтіндер балаға түсінікті тілде берілген. Психологияның заманауи әдісін – ертегі терапиясы арқылы беру жобаның ұтымды тұсы деуге негіз бар. Ертегілер – ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізудің ең көне құралы.
Бүгінде ресми деректер елімізде ерекше қажеттілікке зәру балалар санының 145 мыңға жуық екенін растайды. Оның 97000-ға жуығы мектеп жасындағылар болса, 48 мыңы мектеп жасына дейінгі балалар құрайды.
Бүгінде әлем бойынша зағип жандардың жүз мың адамға шаққандағы тоқсан пайызы Брайль қарпінде оқу біршама қиындық пен шыдамдылықты қажет етеді. Олардың аудио кітаптарды тыңдау мүмкіндігі ғана бар. Себебі, нүктелі-бедерлі кітаптар жеткіліксіз. Сондықтан да қазақ ертегілерінің нүктелі-бедерлі қаріппен жарық көруі оқырман бүлдіршіндер үшін үлкен жаңалық.
Балалардың һәм жасөспірімдердің санасына ұлттық құндылықтың асыл дәнін егу – қоғам алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан да олар өз елінде бақытты балалық шақты, сапалы білім алу мүмкіндігін сезініп өсуі қажет.
Отарбай Шаһризада
Кітап қорын толықтыру, өңдеу
және каталогтарды ұйымдастыру бөлімі