News & Events
«Өмір жолы»
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың әлеуметтік желілерінде ағымдағы жылдың 7 сәуірінде, аты аңызға айналған Қазақтың палуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай «Өмір жолы»атты ақпараттық сағатұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты: Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау, ұлттық патриоттық сезімге баулу.
Шара онлайн режимде өтуіне байланысты Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі жайлы бейнебаян жасалды. Оқырман назарына ұсынылған балуан өміріне арналған бейнебаянда өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері Жұмағалиева Жанбота Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірбаяны мен жетістіктері жөнінде ақпарат берді.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу – сол заманда нағыз ерлік еді. Тарихи деректерге сүйенсек, ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп бала балуан деген атқа ие болған.
Қажымұқан 1906 жылдары әлемдік деңгейде көріне бастаған. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. 1909 жылы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Бүкіл дүние жүзіне Мұқанның әртүрлі лақап аттары тарай бастайды. 1910 жылы Мұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте ол Америка чемпионы атанады.
Наградалардың ішінде сан алуан мемлекеттердің бірінші басшылары берген медальдар да көп болды. Мысалы, парсы чемпионы Машрутты жеңгені үшін Персия шахы Қажымұқанды «Алтын Арыстан мен Күн» орденімен марапаттады.
Бұдан бөлек, жапон палуаны Саракики Джиндофуді жеңгені үшін Манчжурияның «Қайырымдылық» орденін алды. 1927 жылы Қазақстан орталық атқару комитеті Мұңайтпасұлы күрестен әлем чемпионы болғаны үшін оған «Қазақ халқының батыры» атағын берді. Ал 1945 жылы Қажымұқан Мұңайтпасұлы «Құрмет белгісімен» марапатталды.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан ҚКСР Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып: «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» – деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады.
Ол 1948 жылы Түркістан облысының Бөген ауданындағы Ленин туы колхозында қайтыс болды. Ер есімі – ел есінде демекші, теңдессіз күштің иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының аты әрбір қазақ халқы үшін батыр деп танылып, артынан мәңгі өшпес із қалдырғаны белгілі.
Жанбота Жұмағалиева,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері