News & Events
«Амал келді, жыл келді!»
2021 жылдың 12 наурыз күні Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімі кітапхананың әлеуметтік желілерінде 14 наурыз — Көрісу күніне арналған «Амал келді, жыл келді» атты онлайн ақпарат өтті.
Іс-шараның мақсаты: Оқырмандарды қазақ халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі — Амал мерекесінің ерекшелігімен таныстыру және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, сыйластыққа баулу.
Көрісу (Амал мерекесі) – қазақ халқында ежелден келе жатқан, күні бүгінге дейін сақталған дәстүр. Көрісу күнінде адамдар бір-біріне амандасып, жақсылық тілейді, қауышады, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіреді. Ең бастысы, көрісу кезінде адамдар арадағы өкпе-ренішті ұмытып, ағайын-туыстың амандығын тілейді. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарқанын жаяды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір-біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Сонымен қатар әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Қазақ қашанда дастарқанын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы тоқ жүріп, дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.
Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жыл бастауы – Наурыз мейрамын қарсы алады…
Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді, Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Яғни, 22 наурыз күн мен түннің теңелуі, мерекенің шыңы. Қыс мезгілінің толық бітуі. Ұлыстың ұлы күні – күллі қауымның жыл бітуімен, жаңа жылдың, жаңа күннің, Наурыздың тууымен бір-біріне ақ тілек тілеуі, өкпе-наздың ұмытылуы.
Баршаңызды бұл мерейлі мейрам – Көрісу күнімен құттықтаймыз! Бейбіт және бақытты өмір, жақындарыңыздың аман-саулығын, әрбір оң бастамаларыңызда тек сәттілік пен жетістіктер тілейміз!
Жұмағалиева Ж.Ж.
Өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері