News & Events
2021 жылдың 26 ақпан күні зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімі кітапхананың әлеуметтік желілерінде онлайн-режимде халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты әдеби-сазды кеш өткізді.
Әдеби-сазды кештің мақсаты: Оқырмандарды ақын өлеңдерін насихаттай отырып екі ғасырдың куәсі болған Жыр алыбы – Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын таныстыру. Келешек ұрпақты ақынның ұлағаты мол өлең жырларын оқуға, жас ұрпақты елін, жерін сүюге, иманды болуға шақырып, поэзияны сүюге, ақын есімін құрметтеуге, шығармашылық ізденуге баулу.
Іс-шара онлайн-режимде өтуіне байланысты шара оқырмандарға бейнебаян түрінде ұсынылды. Жамбыл қазіргі Жамбыл облысында, Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы ақпан айында туған. Жамбыл – өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Бейнебаянда Жамбыл Жабаевтың өлеңдерімен, жырларымен, дастандарымен таныстырып, оның тек қана ақын, жырау емес, ел елеулісі шыншыл әділ жырау, ақын болғандығы жөнінде айтылды. Кеш барысында әлеуметтік желі пайдаланушыларының назарына кітапханамыздың бүлдіршін оқырмандары Бактыбаев Сафуан Бактыбаевич «Казахстан», Харов Закир Арсаевич «Алатау» атты өлеңдерін мәнерлеп оқуы ұсынылды. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысы жылдарында қарт ақын жауынгерлерді жігерлендіретін жалынды өлеңдерімен Ұлы Жеңіске үлес қосқандығын айта келе, кітапхана ісін дамыту, библиография және тифлология бөлімінің қызметкері Қосмырза Жансая «Ленинградтық өренім», «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінің қызметкері Сыздықов Болатхан «Жаз» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Кеш соңын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың айтқанымен қорытындыладық: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның басты себебі Жамбыл арманының адамзаттық арман-аңсарымен ұласып жатқандығында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз».
Бұл сөздер – ақын өмірі мен шығармашылығына, оның ғасыр жасаған, ерлікке толы поэзиясына берілген əділ баға, біздер үшін мəн-мағынасын ешқашан жоймайтын құнды деректер. Жамбыл бабамыздың жырлары мен өлеңдері кейінгі ұрпақ үшін тек танымдық дүние, аңсап, сусап оқитын, тəлімдік, тəрбиелік мəні зор өнегесі, біздерге қалдырған өлшеусіз ғибраты. Ұрпақтары барда ұлы ақын жыры ғасырдан ғасырға жасай береді.
Жұмағалиева Ж.Ж. Спорт және өнер бөлімі