News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтар арасындағы дойбыдан спорт шеберіне кандидат Медьяров Рамазан Заевич
- 27.11.2020
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
2020 жылдың 27 қараша күні зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімі кітапхананың әлеуметтік желілерінде онлайн-режимде зағип және нашар көретін азаматтар арасындағы спорт шеберіне кандидат Медьяров Рамазан Заевич өмірі жайлы ақпарат берді.
Ақпараттың мақсаты: оқырмандарға зағип спортшылар арасында дойбыдан спорт шеберіне кандидат Медьяров Рамазан Заевич туралы таныстыру.
Медьяров Рамазан Заевич 1963 жылы 6 қаңтарда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген. Рамазан Заевич 8 ағайынды, көп балалы отбасында тәрбиеленді. Ерте балалық шағында інісінен айырылды, кейін әскерден келген соң ағасы қайтыс болды. Балалық шағында анасынан ерте айырылған Рамазан, Айман әпкесінің қамқорлығында болды. Кейін белгілі бір жағдайға байланысты әкесі түрмеге түскен соң, ағасы Рамазанды 4 жасында балалар үйіне берді.
Рамазан 7 жасында бронхитпен ауырғаннан кейін көру қабілеті нашарлай бастады. Тәрбиешілер оны нашар көретін және зағип балаларға арналған мектеп-интернатқа тапсырды. Онда ол алғашқы рет Пернебаев Нышан Уголов үйреткен дойбы ойынымен танысты. Сондай-ақ, кішкентай Рамазан футбол ойнағанды, арықтардағы суда жалаң аяқ жүгіргенді және көркем кітаптар оқуды жақсы көретін. Кітапханашылар оған жасына сай келетін кітаптар таңдап беретін. Интернатта оқыған алғашқы жылдан-ақ «Спутник» пионер лагерінде қалды. Мектеп-интернат тәрбиешілері экскурсияға барғысы келетін балаларды Алматыдағы театрлар мен қаланың көрікті жерлерін көрсетуге алып баратын.
Кейінірек Николай есімді адам мектепте электрик болып жұмыс істеп, сонымен бірге, ол дойбыдан сырттай сабақ берді. Кішкентай Рамазан дойбы ойнағанды өте жақсы көретін және Алматы, Қарағанды, Қаскелең сынды қалалардағы үш интернат арасындағы жарыстарға қатысып тұратын. Уақыт өте келе, дойбы бойынша Анатолий Петрович Сотниченко жаттықтырушы болды.
1980 жылы Рамазан жаман қылықтары үшін мектеп-интернаттан шығарылады. Ағасы мен әпкесі Рамазанды сол кезде Жаңатас қаласында тұратын әкесіне алып кетті. Сол жылы «Шырым» кешкі мектебінде оқи бастады. Кейін «Қызылту» кәсіпорнында жұмыс істеді. Сол жерде дойбы бойынша жаттықтырушы Бах Иманалиевпен танысты.
1982 жылы мүгедектер арасында республиканың жартылай финалына қатысып, сол жылы Алматы қаласының чемпионатында ойнап, көрушілер арасында республиканың финалына шықты.
1983 жылы мүгедектер арасында Қазақстан құрамасында ойнады.
1986 жылы Рамазан көзі көрмейтін 1 топ мүгедегін алды. Көзіне 4 ота жасалды.
1987 жылы ол тәртіп бұзғаны үшін Қазақстан құрамасынан шығарылды.
2004 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жаттықтырушы Марат Құрманбековтың дойбы үйірмесіне қатысады.
Қазіргі таңда, Рамазан Заевич үйленген, үш бала және төрт немере тәрбиелеп отыр. Кафеде немерелерімен бос уақытын өткізгенді, футбол көргенді, балаларымен және немерелерімен табиғатта демалғанды ұнатады. Жолға шығарда әрқашан дойбыны жанында ұстайды.
2018 жылы «Алматы Аренада» өткен жастар арасындағы дойбы жарысына қатысып, жүлделі 2 орынды алып, медаль иеленді.
Рамазан Заевич дойбыдан спорт шеберіне кандидат.
Жұмағалиева Ж.Ж.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері