News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен 2020 жылдың қараша айының 24-ші жұлдызында онлайн форматта әлеуметтік желілерде бір дәуірді әнімен көмкерген талантты композитор Әбілахат Еспаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Ұмытылмас әндер» атты әдеби- сазды кеш өтті. Өткен ғасырдың 50-70 жылдары ұлттық ән өнеріміздің алтын қорына «Ақ сәуле», «Сағыныш екен бала кез», «Маржан қыз», «Қайдасыңдар, достарым», «Ұстазым менің, ұстазым» сынды ғажайып әндермен қол таңбасын қалдырған белгілі композитор Әбілахат Есбаевты білмейтін қазақ жоқ шығар. «Ұмытылмас әндер» атты әдеби-сазды кешіміз сол ұмытылмас тұлғаның шығармашылығына арналды. Композитордың еліне айтқан сәлемі ән әлемінде қалықтаса деген бізде тілек бар.
Шара барысында Әбілахат Еспаев ағамыздың өмірінен және асыл ағаның соңында қалған мұрасы, ізгі өмірі жайлы әсерлі әңгіме өрбіді. ХХ ғасырдың 50-70-жылдары отандық музыка өнерінің небір қарқындай дамып шарықтаған кезі болды десек, ән жанрында, жемісті еңбек еткен Әбілахаттың орны ерекше еді. Оның «Аққуым», «Маржан қыз», «Қазақ частушкасы», «Шофер келді қырманға», «Қыз қуу», «Бейбітшілік сақталады» , «Республика туралы жыр», «Торғай толғауы», «Жангелдин отрядының әні», «Солдат сәлемі», «Толқиды Тобыл», «Сағыныш екен бала кез», «Өзің де жігіт, қызықсың», «Қыз әзілі», «Жігіт жауабы», «Ұстазым менің, ұстазым», «Қайдасыңдар, достарым», «Орамал» тағы басқа әндері халыққа кең тараған. Ағамызыдың соңында қалған тағы бір ескірмес әндерінің бірі «Бейбітшілік сақталады» әнін «Қаламқас» вокалды ансамблінің әншілері көрермен қауымға тарту етті. Ұстаздарға бір ғана әнімен мәңгілік ескерткіш қойған Әбілахат ағаның өзіде ұстаз болған. Ең бастысы осы әнсіз еліміздегі бірде бір мектепте қоштасу кеші өтпейді. Бұл әнді оқушылар ғана емес мектеппен баяғыда қоштасып кеткен күллі жұрт тебіренбей айта алмайды. Қазақтың ән өнерін байытқан асыл ағаның осы «Ұстазым менің, ұстазым» әнін кітапхана қызметкері Назарова Мөлдір орындады. Өзі достыққа адал, сырласқанда өзгелерді тыңдауды ұнататын Әбілахат Еспаев ағамыз өзінің әріптес адал достарына арнап шығарған «Қайдасыңдар, достарым» әнін кітапхана қызметкері Баймұратова Нүрия орындап көрермен қауымға керемет көңіл-күй сыйлады. Өнер табиғилығымен құнды. Халқымыз шын асылын көздің қарашығындай сақтайды. Сондықтан туғанына тоқсан бес жыл толғалы отырған әйгілі композитор Әбілахат Еспаевтың әндерін біз келешек ұрпақтың рухани азығы демекпіз. Оның әндері таусылмайтын бұлақ, аласармайтын тау сияқты биік. Өмір көші ұзаған сайын асылға айналған өнер иесінің жарқын бейнесі көктегі жарық жұлдыздай жарқырап, асыл өнердің шоқтығы биіктей бермек.
Момбекова Н.А.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері