News & Events
Зағип және нашар көретін азамматтар арасындағы дойбыдан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Марат Исабайұлы Құрманбеков
- 30.10.2020
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
2020 жылдың 30 қазан күні зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың өнер және спорт әдебиеттері бөлімі кітапхананың әлеуметтік желілерінде онлайн-режимде зағип және нашар көретін азаматтар арасындағы дойбыдан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Марат Исабайұлы Құрманбековтің өмірі жайлы ақпарат берді.
Ақпараттың мақсаты: оқырмандарға жеңіске деген құштарлығы зор, ұзақ уақыт бойы өз мақсатына жету үшін биік белестерді бағындырған, Алматы мен Алматы облысында зағип спортшылар арасында дойбыдан бірнеше дүркін чемпион болған қайсар спортшы Марат Исабайұлы Құрманбеков туралы айту.
Марат Исабайұлы Құрманбеков 1962 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, КазЦИК кентінде дүниеге келген. Алғашында ол жалпы білім беретін орта мектепте оқыды. Кейін 12 жасында көзінен жарақат алып, 13 жасында ол толықтай көру қабілетінен айырылды.
1975 жылы ата-анасы оны Қаскелең қаласындағы зағип балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа жатқызады. Алғаш рет дойбы ойынымен осында танысқан болатын. Кейін оның ойынға деген құштарлығы ашылып, жарыстарға қатыса бастады.
1982 жылдан бастап Алматыда Қазақ соқырлар қоғамының кәсіпорындарында жұмыс істеді. Ол онда ең мықты дойбышы және жаттықтырушы, спорт шебері, орыс дойбысы бойынша КСРО-ның 2 дүркін чемпионы, ҚР Президенті сыйлығының иегері, «Халықтық спорт ойындарының» жеңімпазы Бах Қуанышбайұлы Иманалиевпен кездесті.
Марат Құрманбеков Алматы қаласы мен Алматы облысының дойбы ойындарынан бірнеше дүркін чемпионы, зағип және нашар көретін спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық дойбыдан әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол он жылдан астам уақыт бойы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған Алматы қаласының спорт клубында жаттықтырушылық қызметпен айналысып келеді. Сондай-ақ, Н.Островский атындағы зағиптер және көздері нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатында сабақ береді. Үлгілі, сегіз қырлы, қайсар мінезді Марат Исабайұлы Құрманбеков Қазақстан Республикасының жастар мен ересек спортшылар арасындағы чемпиондары мен жүлдегерлері атанған бірқатар жақсы дойбышыларды, спорт шеберлерін және спорт шеберіне үміткерлерді тәрбиеледі.
Сонымен бірге, Марат Құрманбеков «тоғызқұмалақ» ұлттық спорт түрімен шұғылданған. Ол спорт шеберінің нормативін орындап, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы және спорт шебері болды. Ол
бүкіл өмірін дойбы ойындарын дамытуға және жаңа спортшыларды тәрбиелеуге арнап келеді.
Марат Құрманбеков 1987 жылы үйленді. Қазір ол 4 ұл тәрбиелеп отыр.
Бос уақытын отбасымен табиғат аясында, үстел ойындарын ойнаумен, кітап оқумен өткізгенді ұнатады. Марат Құрманбеков пен оның шәкірттері алдағы уақытта сәттілік пен спорт жарыстарында биік белестерден көрінетіндігіне сенімдіміз.
Жұмағалиева Ж.Ж.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері