News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада ағымдағы жылдың 15 тамызында сағ. 12.00-де әлеуметтік желілерде, аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Ән-аға» атты онлайн әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты: Шәмші Қалдаяқов — аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор. Ол — бүкіл ел мойындаған, жалпы халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, қалың жұрттың қайнаған ортасынан шыққан дара дарын, тума талант, аты көзі тірі кездің өзінде аңыз болып кеткен бірегей өнер иесінің Қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәмші шығармашылығының бағы жаңаша жанды. Елбасының бірінші Жарлығымен оған «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы (1991 ж.) берілсе, екінші Жарлығымен композитордың «Менің Қазақстаным» шығармасы Әнұранға (2006 ж.) айналды, ал үшінші Жарлығымен Шәмші Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2010 ж.) атанды. Дара дарынның әндерінің республикалық, халықаралық байқаулары мен ән фестивальдарын өткізу дәстүрге айналды.
Іс-шара онлайн режимде өтуіне байланысты оқырмандарға бейнебаян түрінде ұсынылды. Шара барысында, өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері Жұмағалиева Жанбота композитордың өмірі мен шығармашылығына тоқталып, Шәмші әндерінің шығу тарихына шолу жасады. Кеш барысында, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Жұмаханов Орынбасардың орындауында «Бақыт құшағында» әні, сонымен бірге, кітапханамыздың белсенді оқырмандары Алимханов Арнұр мен Ғизатов Нұрбектің орындауында, Шәмшінің Арыстың бойынан кезіктірген сұлуына арналған «Арыс жағасында» әні ұсынылды. Сондай-ақ, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен Шәмші Қалдаяқовтың бір-біріне деген адал достығынан туған Мұқағалидің «Шәмілге жазған хаттардан» атты өлең жолдарын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Нұртуған Болаттың мәнерлеп оқуына кезек берілді.
Кеш соңында, шараны қорытындылай келе, Ізтай Мәмбетовтың қаланың қара көз қызына ғашық болып шығарған «Қаракөз» өлеңіне Шәмші Қалдаяқов әнін жазған туындыны Думан Жақанбаевтың орындауында тыңдап тамашаланды.
Ш. Қалдаяқов артына мол музыкалық мұра қалдырды. Бүгінде қазақ музыкасын Шәмшісіз елестету қиын. Кеш «Ән аға жан аға, Сен аңсап шарқ ұрды шағала, Каспийдің толқыны соғады жағаға» - деп аяқталды.
Жұмағалиева Ж.Ж.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері