News & Events
Ағымдағы жылдың 28 тамызында әлеуметтік желілерде 64 (орыс дойбысы) және 100 (халықаралық дойбы) үстел үсті интеллектуалды спорт ойыны туралы онлайн ақпарат берілді.
Дойбы (орыс. шашки) — спорт түрі. Дойбыны алпыс төрт (орыс дойбысы) не жүз (халықаралық дойбы) шаршыға бөлінген тақтада он екі (орыс дойбысы) не жиырма (халықаралық дойбы) таспен екі адам ойнайды. Ойынның мақсаты — қарсыласының тастарын түгел жою немесе жүріс жолдарын бөгеп тастау. Дүниежүзілік дойбы федерациясы (FMІD) 1947 ж. құрылған. Оған отыздан астам ел мүше.
Тарихы
Дойбы – бір жағынан ежелгі, екіншіден жас ойын. Ежелгі болатын себебі, ойынға арналған құралдар сонау ерте заманда Мысыр пен Русьтегі Киев аймақтарындағы қазба жұмыстары кезінде табылған. Сонымен бірге ежелгі болатын себебі, қазіргі заманғы зерттеушілер дойбының таратылу тарихы мен жолдарын әлі күнге дейін тапқан жоқ – олар ғасырлар қойнауында жасырын жатыр.
Жас болатын себебі, ойын тәртібі уақыт ағысымен өзгерістерге ұшырап, тұрақтандырылды, ол осы ғасырдың орта тұсына таман қазіргі заманға лайықталды. Ежелгі Римде дойбы ойыны «латрункул» деген атауға ие. Бұл латын сөзі «латро», яғни қазақшаға аударғанда – сарбаз, жауынгер, т.с.с. мағына береді. Демек, ойын екі армияның соғысымен сипатталған әскери болып табылады.
Шара барысында қазақтың тұңғыш дойбы шеберлері: Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов, Шәкір Әлімбайұлы Жамбыршин, Бақ Қуанышбайұлы Иманәлиев туралы ақпараттар берілді.
Бақ Қуанышбайұлы Иманәлиев (1952.25.07 – 2008.28.07). Бақ Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамбаш ауылының тумасы. Жастайынан көзі көрмей қалған жігіт тағдырдың тәлкегіне көнбей білім алып дойбы үйірмесіне қатысып, әуелі әздер арасындағы, сосын сау көзділер арасындағы жарыстарда озып 1984 жылы алғаш рет КСРО финалына қатысқан бірінші қазақ жігіті. Қазақстанның өзінің дойбыдан спорт шебері көпке дейін болмады. Себебі дойбыдан спорт шеберінің нормасын орындау алынбайтын қамалдай болды. Республика чемпионы болу аздық етті. Мысалы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған көкшетаулық Қайырлы Әбдірайымовтың өзі спорт шебері нормасын орындауға жете алмады. Спорт шеберінің нормасын орындау шарты өте қиын болды. Жарысқа кем дегенде 7 спорт шебері қатысқан жағдайда, кем дегенде 70 пайыз ұпай жинау қажет болды. Сонымен бірге арнаулы одақтық сарапшылар комиссиясы партиялардың сапасын тексеріп ойын шеберлігі тиісті деңгейде деген жағдайда ғана спорт шебері деген атақ берілетін. Міне, осы атаққа, мұндай шоқтығы биік көрсеткішке 1982 жылы Бақ Иманалиев қол жеткізді. Ол 30 жасында «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігінде қазақтар арасында тұңғыш рет спорт мастерінің нормасын артығымен орындап тұңғыш дойбыдан спорт шебері атанды.
Бақ Қуанышбайұлының бұл жетістігінің ерекшелігі – оның бұл жетістікке көздері сау ойыншылармен болған жарыста жеңуі еді. Көзі сау гроссмейстерлер мен мастерлердің өздері жарыстарға чемодандары толған дойбы теориясының кітаптарын арқалап жүретін, әр дойбышыға қарсы оның партияларын талдап дайындалатын, спорттың осы түрімен кәсіби айналысып жүргендер еді. Теориялық жаңалықтарды Бақ арнаулы дойбы әдебиетінен өз бетінше оқи алмады. Дойбы Меккесі саналатын Мәскеу, Ленинград, Одесса сияқты орталықтардан жырақ тұрғандықтан мықты гроссмейстерлермен кездесіп тұруға еш мүмкіндігі болмады. Міне осындай жағдайда бір ғана өзінің таланты мен ерекше есте сақтау қабілетіне сүйеніп ойнады. Ол осы атағын кейінгі жарыстарда одақтың ең мықты спорт шеберлері мен гроссмейстерлерімен жарыстарда бірнеше рет дәлелдеп көрсетті.
Бақ Иманалиев дойбы жарыстарында тамаша табыстарға қол жеткізді. Ол Қазақ соқырлар қоғамының ондаған жылғы (1981-2008 аралығында) чемпионы, үш рет Қазақстанның (64) чемпионы (1981, 1982,1984), 100 шаршылы дойбыдан қоғамның біріншілігінің жүлдегері, Қазақ қоғамының құрылғанына 30 жыл толуына арналған мерекелік жарыстың жеңімпазы (1986), Қазақстанның тәуелсіздігіне арналған турнирдің (2007) жеңімпазы, бірнеше ірі турнирлердің (Одесса, Юрмала, Бендеры және т.б. қалаларда өткен дойбы фестивальдарының) жеңімпазы. Қазақ соқырлар қоғамының құрамында бірнеше рет КСРО командалық біріншіліктерінің чемпионы және жүлдегері болды. КСРО кубогі үшін өткен жарыстарға Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде қатысты. Жақсы ұстаз ретінде де көріне білді. Ол дайындаған М.Құрманбеков, Р.Медияров және З.Терехова спорт шебері нормаларын орындады.
Бақ салып берген жол еліміз тәуелсіздік алған соң дойбы өнеріне қарқындап жол ашты. Қазақстан халықаралық аренаға шығып дойбының 64 және 100 шаршылы түрінен, 64 шаршыдағы халықаралық дойбыдан (бразильдік түрі) ел біріншілігін жыл сайын өткізіп келеді.
Шараның мақсаты: салауатты өмір салтын ұйымдастыру, дойбы ойынына қызығушылықтың пайда болуы, зағип дойбышылардың жетістіктерін насихаттау.
Даржанова Г.Т.,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің меңгерушісі