News & Events
ҚР АРНАЙЫ КІТАПХАНАЛАРЫ ЖАС КІТАПХАНАШЫЛАРЫНЫҢ II СЛЕТІ ӨТТІ
- 04.08.2020
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Зағип және нашар көретін азаматтарға араналған республикалық кітапхана» РММ-сі (әрі қарай, ЗНКААРК) 4-5 тамыз күндері Қазақстан Республикасының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалар Жас кітапханашыларының II Cлетін өткізді. Слет, «Біз сәттілікті таңдаймыз!» деген ұранмен «Жастар және Абайдың рухани құндылықтары» тақырыбында онлайн режимде Zoom платформасында өтті.
Слет шеңберіндегі шаралар, Слет қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 9 қаңтардағы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы желісіне негізделді.
ҚР зағип жандарға арналған арнайы кітапханалар Жас кітапханашыларының II Cлетінің мақсаты – жас мамандарымыздың шығармашылық жетістіктерін айқындау; дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіріп, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру, әрі, еліміздің рухани бірлігін нығайту; кітапханалық қызмет көрсетуде, жұмыстың заманауи онлайн әдістерін кеңінен насихаттай отырып, кітапхана мен қызметкерлердің имиджін нығайту; еліміздегі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бедерлі-нүктелі қаріптегі басылымдардың шектеулі шығарылуы жағдайында, қол жетімді форматтағы басылымдарды шығаруда зағиптарға арналған арнайы кітапханалардың қызметіне назар аудару; жас мамандарға кәсіби топтық жұмыс жайын талдап, біліктіліктерін арттыру; COVID-19 індеті кезеңінде оқырмандар мен қызметкерлерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры – Асхат Байұзақов конференция жұмысын ашық деп жариялап, Абай Құнанбайұлының адамзаттың рухани қазынасына қосқан өлшеусіз үлесіне ерекше тоқталып өтті. Шара басында:
- ҚР Мәдениет және өнер ісі департаментінің директорының орынбасары, Арғынбеков Мақсат Арғынбекұлы;
- М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, pHd докторы, Ертай Сұлтан;
- Новосібір облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директоры – Юрий Лесневский;
- Санкт-Петербург мемлекеттік зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының даму бөлімінің жетекші әдіскері, Жастар кеңесінің төрағасы – Михаил Назаров;
- Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры, Айгүл Әбішевалар республика деңгейінде алыс-жақын шетелдік әріптестердің қатысуымен Екінші рет өткізіліп жатқан Слеттің ашылу салтанатымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Слеттің Бірінші күніне жоспарланған «Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» тақырыбындағы Халықаралық онлайн конференциясының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы арнайы кітапханалары мамандарымен қатар шетелдік әріптестер баяндама жасады. Баяндама тақырыптары мен баяндамашыларды атап айтсақ:
- «Виртуалды кеңістіктегі Кузбасс арнайы кітапханасының — #ҮйдекөрсетілгенМәдениет» жобасына қатысуы» тақырыбындағы баяндамамен Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Кузбасс арнайы кітапханасының директоры Ирина Тихонова;
- «М.Х. Тухватшин атындағы Башқұрт республикалық зағиптарға арналған кітапханасының онлайн режимдегі қызметі» тақырыбында, М.Х. Тухватшин атындағы Башқұрт республикалық зағиптарға арналған кітапхана директорының орынбасары Ирина Кучербаева;
- «А. Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған онлайн шараларды дайындау бойынша зағиптар үшін Ресей мемлекеттік кітапханасының жұмыс формалары» баяндамасымен Зағип жандарға арналған Ресей мемлекеттік кітапханасының оқу залының меңгерушісі, Елена Глазова;
- «Кітапханалық ынтымақтастық, қазақ және орыс тілдерінде арнайы форматтағы басылымдар шығаруға ықпал етеді» — Новосібір облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директорының орынбасары, Марина Копысова;
- «Зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана — дамудың жаңа тәсілдері мен мүмкіндіктері» — Татарстан Республикасының «Республикалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының әдістемелік-ұйымдастыру және библиография қызметі бөлімінің меңгерушісі, Гелюся Закирова;
- «ЗНКААРК» РММ оқырмандарына виртуалды кітапханалық қызмет көрсету кеңістігі» — «ЗНКААРК» РММ кітапханашысы, жас маман – Шахризада Отарбай;
- «Абай қара сөздерінің жастарға берер ғибраты» — Шымкент қалалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының тифлобөлім меңгерушісі, Ербек Бакиев;
- «Мен таныған Абай» — Жамбыл облыстық арнайы кітапханасының библиографы, Гүлнұр Құрақбаева;
- «Абайдың тұлға және қоғам дамуындағы рөлі» — Павлодар облыстық арнайы кітапханасы» КММ-сінің кітапханашысы, Роза Кулышева;
- «Абайдың туған елі мен жері» — Шығыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасының, қызмет көрсету секторының меңгерушісі, Елена Дементьева;
- «Кітапхана – жастар территориясы» — БҚО зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасының кітапханашысы, Балнұр Джумагалиева;
- «Жұрт біледі, күледі» Абай Құнанбайұлының Крыловтан аударған мысалдары — Семей қаласы арнайы кітапханасының кітапханашысы, Бақытжан Бейсембекова;
- Көкшетау қалалық арнайы кітапханасының кітапханашылары: Меруерт Құсайын мен Назгүл Дәуренбек — «Абай әлемі», «Абай — ұлт биігі» тақырыптарында, жалпы саны 14 баяндама тыңдалды.
Пленарлық отырыс соңы баяндамалар бойынша отандық және ресейлік әріптестер арасында пікірсайысқа жалғасты.
Халықаралық конференция аясында талқыланған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы; заман талабына сай онлайн режимде кітапханалық қызмет көрсету тәжірибелерімен бөлісу; баяндамалардағы аталған өзекті деген мәселелерді қорытындылай келе, Слет модераторы Асхат Құсайынұлы конференция Резолюциясымен таныстырды. Ұсынылған Резолюция, өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін конференция қатысушыларына жіберілді.
Резолюция таныстырылғаннан кейін марапат рәсімі орын алды:
— Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбаевтың мол мұрасын оқырмандарымызға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Ізбасары Абайдың» атты республикалық онлайн байқауының нәтижесі бойынша 7 аталымда 21 оқырманға I, II, III дәрежелі дипломдарымен онлайн марапатталып, Кітапхананың дыбыс жазу студиясында дыбыстандырылған Абай Құнанбаевтың «Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ…» MP3 форматтағы кітабы сыйға тартылды.
— «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-нің еліміздегі зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бедерлі-нүктелі қаріптегі басылымдардың шектеулі шығарылуы жағдайында, қол жетімді форматтағы басылымдарды шығаруда, осы ерекше оқырмандарға қызмет көрсететін арнайы кітапханалардың қызметіне назар аудару мақсатында екінші рет ұйымдастырған «Брайль жүйесінде шығарылған үздік басылымдар» республикалық байқауының жүлдегерлері I, II, III дәрежелі дипломдар және ақшалай сыйлықтармен онлайн марапатталды.
ҚР арнайы кітапханалары жас кітапханашыларының II слетінің БІРІНШІ күніне жоспарланған шараларды қорытындылап, Слет модераторы ЕКІНШІ күннің жоспарымен таныстырды.
«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-сі Новосібір облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасымен 2017 жылы Меморандумға қол қойған болатын. Слет аясында Москва қаласындағы зағип азаматтарға арналған Ресей мемлекеттік кітапханасы және Татарстан республикалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханалары ынтымақтастықты Меморандуммен бекітсе, тағы ресейлік үш арнайы кітапхана ынтымақтастыққа ұсыныс жасады.
Захра Маханова,
кітапхана директорының кеңесшісі