News & Events
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өнер және спрорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен 2020 жылдың 13 наурыз күні кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімінде «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген рөлімен көпшіліктің жүрегін жаулаған белгілі кино және театр актері, Құман Нұрмағанұлы Тастанбековтың 75 жасқа толуына орай «Қазақтың Төлегені» атты еске алу кеші өтті.
Халқымыз ел ардақтыларының тағылымды өмір жолын кейінгі ұрпағына айрықша ұлағаттап жеткізіп, асылын бағалай, жақсысын жарқырата білген. Бар ғұмыры өнегеге толы алып тұлғаларымыздың асыл бейнелері бүгінгі күнге дейін жетіп, тұлғаларының дараланып тұруы – асылдың бағасын білген елдің арқасында.
Еске алу кешіне шақырылған құрметті қонақтар: Кино және театр актрисасы, Қазақ Кеңестік Республикасының Еңбек сіңірген артисі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Құрмет, Парасат орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері Меруерт Қаратайқызы Өтекешева, актриса, өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Парасат және Құрмет орденінің иегері, Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері Рахилям Абдрахманқызы Машурова, қазақтың дәстүрлі ән өнерін насхаттаушы әнші,қазақтың еңбек сіңірген қайраткері, дарын мемлекеттік сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісова қатысты.
Қыз жібек фильмі алтын қордағы айтулы туынды. Әлі жалықтырған емес. Қайта сағындырады. Сосын тамсандырады. Құман Тастанбековтың өмірі мен өнері келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Өткенді еске алып, келешекке кие еткен біз алыстаған сайын асылға айналған бейнені бір сәт көз алдымызға елестеттік. Меруерт Қаратайқызы Құман ағамыз туралы өткеннің еншісінде қалған тәтті естеліктері туралы оқырмандармен бөлісті. Құман ағамыздың өзін, көзін көрген әріптесі бірге оқыған курстасы Рахилям Абдрахманқызы: Өткен жылдар жайлы айтылар әңгіме аз емес. Құман Тастанбеков бірге оқып жүрген студенттер арасында ең әдемісі, тартымдысы болған. Бірге оқыған әріптестері оның өнерде ғана емес өмірдегі адамгершілігіне де бас игендерін айтып өтті. Сахнаға кітапхана қызметкері Қосмырза Жансая «Дүниеден, Құман құрдас, сен де кеттің» атты Шөмішбай Сариевтың өлеңімен, Жыр алыбы Жамбыл жерінен шыққан күйші- композитор Берік Бөкебаев «Қыз Жібек» фильміндегі «Жекпе-жек», «Аққу» күйлерін, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова «Ақ жайық», «Гәкку» әндерімен сахна төрінде ән салып, өнер көрсетіп көрермендер ықыласына бөленді. Актердің өмірін баяндай отырып жүргізілген кешті қонақтар өте жылы қабылдады. Кештің қорытынды сөзін алған кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы Байұзақов «Жақсылық іс қайда болса, жақсы атақ сонда» демекші бүгінгі кешіміздің сәнін келтіріп, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып, тамаша естеліктерімен бөліскен қонақтарға алғыс білдіре отырып гүл шоқтары мен сый-сияпат тарту етті. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қазақстан Республикасындағы Алматы филиалы төрайымы Қабира Сағидолдақызы және Қазақ соқырлар қоғамының № 1 Алматы оқу-өндірістік кәсіпорын директоры Алтынай Қоңыратбайқызы: «Зағип жандар үшін мұндай кездесулер рухани серпіліс береді, сіздерді біздің кішігірім сахнамызда көріп, есту үлкен мәртебе деп алғыс айтып гүл шоқтарын табыс етті».
Кеш соңында қонақтар ескерткіш суретке түсті. Мерекелік іс-шара ерекше жылы ықыласпен өтті. Кеш қонақтары еске алу кешінің тартымды өткеніне дән риза болып тарасты.
Аталған шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлт жоспары-100 қадам баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамның «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші бағытының 87-ші қадамы «Менің елім» кең көлемді жобасын қамтыды.
Шараға 71 оқырман қатысты. Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері