News & Events
Кітапханада «Көрісу күні» жоғары деңгейде аталып өтті
- 12.03.2020
- Posted by: blindlib blindlib_kz
- Category: Жаңалықтар
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Көрісу күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Шарада Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан салт-дәстүрі оқырмандар мен жастарға кеңінен таныстырылды. Көрісу мерекесін кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар бірігіп алғашқы рет ұйымдастырды. Іс-шара барысында Көрісу мерекесінен сахналық көрініс көрсетілді. Сахналық көрініс арқылы қазақтың қонақжайлығы, адамдардың бір-біріне деген ыстық ілтипаты, сыйластығы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі тағы басқа да қазақ халқының салт-дәстүрлері насихатталды. Шара мерекелік концерттік бағдарлмамен жалғасын тапты. Кітапхана қызметкерлері қазақтың халық әндерін орындап, күй шертіп, «Қара жорға» биін орындады.
Шараға қатысқан Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Байұзақов ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан көрісу мейрамымен құттықтап, лебізін арнады.
«Көрісу, амал мерекесі құтты болсын! Сіздерге ашық аспан, зор денсаулық, береке тілеймін. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, бауырмалдық қарым-қатынасты күшейтетін дәстүріміз. Өйткені «Көрісу» салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Мұның түпкі мақсаты той тойлап кету емес. Адамдар арасындағы туыстық, бауырластық қатынастарды үзбеу. Бұл мерекенің арғы жағында қазақтың бірлігін сақтау деген үлкен даналық жатыр», деді директор Асхат Құсайынұлы.
Көрісу күні – бүкіл елге ортақ мерекеге айналып келеді. Кезінде ұмытылып барып, соңғы жылдары ғана ұлықталып жатқан бұл халықтық мереке осылайша қазір қайта жаңғырып жатқан жайы бар. Шара соңында «Көрісу күніне» арнап жайлыған ақ дастархан басында ақсақалдар ұлттық құндылықтар мен салт-санамыз жайлы салиқалы әңгіме өрбітті.