News & Events
Биыл көрнекті тіл маманы, филология ғылымының докторы, профессор, ұстаз Тұрағұл Қоңырұлының 85 жылдығы. Осыған орай «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада» игі шара ұйымдастырылды.
Тұрағұл Қоңырұлы – Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, қазақ тіл білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірегейі. Көрнекті ғалымды еске алу кешіне жиылған қауым осылай деді. Қазақ тілінің теңеулері мен бейнелеу жүйесін және теориясын зерттеп, өлмес мұра қалдырған ғалымды халық ұмытпақ емес.
Шарада ұлағатты ұстаздың ғылыми еңбектері жайлы баяндамалар оқылып, естеліктер айтылды. Кездесуге ғалымның туған қызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақбота Тұрағұлқызы, кітапхана директорының орынбасары Мақсұт Тайынұлы және оқырмандар қатысты.
«Қазақ халқының баға жетпес байлығы тілін дамытып, қанатын кеңге жаюына лайықты үлес қосқан тұлғаларды кейінгі буынға үлгі етіп отыру қасиетті парыз. Тіл үшін өмір сүріп, осы жолда жанын сала қызмет еткен ардақтыларымыздың бірі Тұрағұл Қоңырұлы. Қайталанбайтын тұлға. Ол – шын мағынасында ұстаздық пен ғылымды қатар ұстаудың үлгісін жасаған кісі. Қазақ халқының рухани дүниесіне өлшеусіз еңбек сіңірген бірегей ғалым», деп атап өтті Мақсұт Тайынұлы.
Тұрағұл Қоңырұлы қазақ тілін жаңа қырынан зерттеуге үлес қосты. Оның ішінде теңеулер мәселесін жаңа қырынан ашып, тілдің күрделі саласын алғаш өндіре зерттеді. Осы мәселеге арнап «Қазіргі қазақ тілі жүйесіндегі компаративтік конструкциялар» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. «Қазақ теңеулері», «Қазақ тіліндегі теңеулердің құрылымдық семантикалық табиғаты» атты мазмұнды монографияларын өмірге әкелді. «Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігін» жарыққа шығарды.