News & Events
Мұхтар Мағауин шәкірттерімен кездесу өтті
- 11.02.2020
- Posted by: RBNSG
- Category: Жаңалықтар
Бүгін «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» РММ-де жазушы, ұлттың рухани шежіресін, ауыз әдебиетін кең ауқымда зерттеген Мұхтар Мағауиннің мерейлі 80 жасқа толуына орай жазушының шәкірттері, зиялы қауыммен кездесу өтті.
Кездесуді ақын, жазушы Нұрлан Әбдуалиұлы жүргізді. Шараның ашылуында сөз алған кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы зиялы қауым өкілдерімен Мұхтар Мағауиннің шығармалары мен тұлғалық келбеті жайлы ойларымен бөлісіп, кітапхананың бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары мен бастамалары туралы айтып өтті. Сондай-ақ келелі кездесуде зиялы қауым өкілдері жазушы Мұхтар Мағауиннің қазақ прозасына қосқан үлесі және тарихи әдеби, мәдени шығармаларының құндылығын талқылады.
Шараға кітапхана директоры Асхат Құсайынұлы, ұстаз, ғалым Тәңірберген Садақбаев, журналист Шаруфуддин Әміров және оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Асхат Құсайынұлы, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры:
Жастайымыздан Мұхтар Мағауиннің шығармаларын оқып өстік. Қазақтың біртуар қаламгерінің туындылары жас ұрпаққа берері мол. Қаламгер ана тіліміздің байлығын, оралымды, астарлы, от жалынды, әрі нәзік екенін көрсете білген. Тіліміздің байлығын, оралымдылығын тереңдетуге қосқан үлесі де аз емес. Мұхтар Мағауиннің жазушылығымен қоса қайраткерлігі де мойындалған тұлға.
Тәңірберген Садақбаев, Қайнар университетінің ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:
Әдебиеттің сәруар сәулелі әлемін жасайтын қаламгерлер көп емес. Мұндай бақыт кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейді. Мұхтар Мағауин қазақтың рухани мұрасын 5 ғасырға кеңейтті. Ата-баба аманатын арқалаған алдаспан жазушының мәңгілік күйін құйма құлақ жас ұрпақ қапысыз аңғарып, ұғатынына күмән жоқ.
Нұрлан Әбдуалиұлы, ақын, жазушы:
Бүгінгі кездесудің ерекшелігі қонаққа келген азаматтар Мұхаңның шәкірттері. Оның ішінде менде бармын. Мұхтар Мағауиннің жазушылығымен қатар ұстаздығыда бір бөлек еді. Ол кісі дәріс өтеді дегенді естіген білім құмар жастар сырттан арнайы келіп тыңдайтын. Қазақстанның халық жазушысы атағын алған санаулы адамның бірі. Ол – «Мен» деп айта алған адам. «Мен — мен едім, мен едім!» деп Махамбет Өтемісұлы айтып еді. Одан кейін «Мен» деп айта алған Мұхтар Мағауин.