News & Events
Қазақ халқының жалпы ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, таным-нанымдары, ғибрат сөздері түйіндеп алғанда халықтың ұлттық коды болып табылады. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің ұйымдастыруымен 2020 жылдың ақпан айының 6-шы жұлдызында кітапхананың жеке қызмет көрсету бөлімінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Отан орденінің иегері, Мемлекетік сыйлықтың иегері, Халық әртісі сексеннің сеңгіріне шығатын, қазаққа 200-ге тарта ән сыйлаған әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтың мерейтойына арналған кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты: Халқымыз ел ардақтыларының тағылымды өмір жолын кейінгі ұрпағына айрықша ұлағаттап жеткізіп, асылын бағалай, жақсысын жарқырата білген. Бар ғұмыры өнегеге толы алып тұлғалардың дараланып тұруы – асылдың бағасын білген елдің арқасында. Саналы ғұмырын жақсылық пен ізгілікке арнаған ел жақсылары көп болса, солардың бірі – табиғи дарындылығы мен өлшеусіз еңбегінің арқасында аты аңызға айналған саф алтындай өнер иесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтың өмірі мен өнері келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Ескендір Өтегенұлының шығармашылығынан арнайы деректі фильм көрсетілді. 70жылдары –ақ өз шығармашылығы арқылы өзгеше мектеп қалыптастырып үлгерген әнші, сазгер Ескендір Хасанғалиевтың есімі ән сүйер қауымға жақсы таныс. «Анаға сәлем» атты тұңғыш әні сонау 1971 жылы жарыққа шыққан, сазгердің отан, туған жер, отбасы тақырыбындағы туындылары бүгінде нағыз халықтық әндерге айналған. Кешегі Нұрғиса, Шәмшідей кемеңгерлердің замандасы Әсет, Әбілахаттардың рухтасы Ескендір Хасанғалиев ағамыздың тұлғасы кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге. Тәуелсіздік Қазақстанның бейресми гимні болып кеткен «Атамекен» әніндей құдіретті саз туу үшін, толғату үшін, кішкентай адам баласының жүрегінде қандай ұлы құдірет шетсіз-шексіз сүйіспеншілік, махаббат жарға деген, елге деген, жерге деген талант қонақтауы керек. Әншілік өнер тынбастан, ізденіп, дамылсыз еңбекпен шыңдалуын талап етеді. Жас әншілердің іздену, талаптану, репертуарларын жаңарта түсуі ауадай кажет. Бұл жастарға айтар Ескендірдің ағалық ақылы. Ол бұл күндері өнерде болаттай шыңдалған жан, ән аспанында қалықтаған қыран құсындай самғауда. Ескендір Өтегенұлының 80 жасқа толу құрметіне кітапханада мерейтой кеші ұйымдастырылды. Кеште П.И Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледж студенттері Сәбит Аружан Ескендір Хасанғалиевтың «Гүл сезім», Хаким Арайлым «Сағындым сені», Трио жігіттері «Есіме сал» әндерін концертмейстер Ольга Николаевна Костычеваның сүйемелдеуімен, тамаша әуенде сахнада шырқады. Кітапхана оқырмандары «Қаламқас» вокалды ансамблінің әншілері Батана Колесникова «Менің елім» әнін, Алма Бейсенбаева «Бозторғай» әнін орындап көпшілікті риза етті. Алатау дәстүрлі өнер театрының мүгедектерге мәдени қызмет көрсету мәдените үйі «Армандастар» ансамблінің әншілері Айтжанова Әспеткүл «Жанарым», Тоқабаева Светлана «Алматының алмасы» әндерін орындап, көкке көтерді. Қазақстан жұртшылығы ортасында ең бір танымал, сүйіп тыңдайтын әніне айналған патриоттық «Атамекен» әнін «Қаламқас» вокалды ансамблінің әншілері орындады. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан»,-деп Абай атамыз айтқандай. Адамның өнерде тұлға болып қалыптасуына ұстаздың алар орны ерекше. Әуенді де, сырлы кеште Ескендір Өтегенұлының ізін басып, өнерін жалғастырушы, бүгінде шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаз, Петр Ильич Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры, Казақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, білім саласының құрметті қызметкері Біржан Ескендірұлы қонаққа келіп, оқырмандарға Ескендір ағамыздың өнері мен шығармашылығы туралы тамаша өрілген естеліктер айтты. Ескендір Өтегенұлының мерекелік кешінде қорытынды сөз алған кітапхана директоры Байұзақов Асхат Құсайынұлы келген қонақтарға алғыс білдіре отырып: Ескендір ағамыздың бізді сусындатар мәңгі сарқылмас әндерінің алдында құрметпен бас иеміз. Өнер табу – өрге шабу деген халқымыз. Жақсылық іс қайда болса, жақсы атақ сонда. Осындай ұлы тойға қосқан кішігірім үлесімізді, өзіміз үшін үлкен мәртебе деп санаймыз. Ескендір ағамыздың әндері ән аспанында мәңгілік сақталады. Бүгінгі сырлы кешіміздің сәнін келтіріп, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып, әндерімен сусындатқан Петр Ильич Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің ұжымына, әншілеріне үлкен алғысымызды білдіреміз!. Әрқашан биіктерден көрініңіздер! Сіздер арқылы қазақ ән өнері әлемге танылсын!-деп сөзін аяқтады. П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің ұжымына кітапхана атынан Алғыс хат табыс етті. Кеш соңында қонақтар ескерткіш суретке түсті. Мерекелік іс-шара ерекше жылы ықыласпен өтті. Кеш қонақтары мерейтойлық кештің тартымды өткеніне дән риза болып тарасты.
Шараға 76 оқырман қатысты.
Назым Момбекова,
өнер және спорт әдебиеттері
бөлімінің қызметкері