News & Events
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көргелі халық арасында, ғылыми орталықтарда, билік тармақтарында да талқылануда.
Бұл іске Зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана алғашқылардың бірі болып үн қатып, мақаланы талқылап, дөңгелек үстел өткізді. Кешке Абай атындағы Алматы педагогикалық университеттің аға оқытушысы, осы оқу ордасындағы «Хакім-Абай» ғылыми-зерттеу орталығының» директоры, абайтанушы ғалым Жабал Алшынбекұлы Шойынбет және кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.
Кеш барысында ғалымға сұрақтар қойылып, оларға ғалым Абай өлеңдері мен қара сөздерінен мысал келтіре отырып, толық та тұшымды жауап берді. Президенттің дана Абайды кеңінен насихаттауға нұсқау бергеніне ризашылығын білдірді.
- Абай философиясы әлемдік деңгейге көтерілген. Мұны шетел ғалымдары да түсініп, қазіргі таңда Еуропа елдерінен біздің орталыққа ғалымдар келіп, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің аудармасын алып, зерттеуде. Біз олардан бұрын Абай мұрасын өзіміздің жас ұрпақ бойына сіңіріп үлгеруіміз қажет. Бала бақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орындарына абайтану сабағын кіргізуіміз қажет.
Бұдан кейін кешті кітапхана қызметкерлері де жалғастырып, Президент мақаласының әр тарауына талдау жасады. Одан кейін кітапханашы қыздар ақынның терең ойлы өлеңдерін оқып берді.
Кешті қорытындылаған кітапхана директоры Асхат Байұзақов Абай дана рухына арналған шаралар жыл бойы өтіп отыратынын айта келіп, бүгінгі кеш қонағы Жабал Алшынбекұлына ризашылығын білдірді. Және де биылғы жылы данышпан шығармашылығына арналып шығарылатын кітаптарға кеңесші болуға ұсыныс айтты.
Зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған
республикалық кітапхананың баспасөз орталығы.